Қазақстанда ағза донорлығынан бас тартқандар саны артып келеді

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі

134 мыңға жуық қазақстандық қайтыс болғаннан кейін ағза доноры болу туралы шешім қабылдаған. Олардың ішінде шамамен 10 мың адам ғана келісім берген. 2025 жылы донор бола алатын 131 жағдайдың тек онында ғана туыстары ағзаны алуға рұқсат берген.

«Қазіргі уақытта халықтың қамтылуы 3%-ды құрап отыр. Өз еркін білдіре алатын азаматтар — 18 бен 62–65 жас аралығындағы адамдар. Бұл санатқа шамамен 10 миллион адам кіреді, яғни тағы осынша азамат таңдау жасау керек», — деді Республикалық трансплантация және жоғары технологиялы қызметтерді үйлестіру орталығының уақытша директоры Назгүл Жәнгелдина Орталық коммуникациялар алаңындағы брифингте.

Оның айтуынша, eGov.kz порталы арқылы шешім қабылдағандардың ішінде тек 10 мың адам ғана қайтыс болғаннан кейін ағзасын донорлыққа беруге келісім берген, қалғандары бас тартуды жөн көрген.

2023 жылмен салыстырғанда келісім бергендердің саны үш есе артса, бас тартқандардың саны төрт есеге көбейген.

Көзі тірісінде донор болуға келісім бергендер көп болғанымен, шынайы донорлар саны өте аз.

2024 жылы Қазақстанда «ми өлімі» диагнозы қойылған 86 потенциалды донор тіркелген, бірақ олардың тек алтауының туыстары ағзаны алуға келісім берген.

2025 жылы мұндай жағдайлар 131-ге жетсе де, рұқсат тек он отбасынан алынған.

Мыңдаған адам трансплантацияға мұқтаж, жүздегені дəрігерлер көмегіне жетпей көз жұмады

Қазіргі таңда трансплантация кезегінде 4 384 адам тұр, оның ішінде 120-сы — бала.

«Жыл сайын 200–300 адам ағзаның жетіспеушілігінен немесе қосымша аурулар салдарынан күту парағынан алынып тасталады — олар қажетті органды күтіп үлгермей қайтыс болады», — деді Назгүл Жәнгелдина.

Биылғы жылдың басынан бері қайтыс болған донорлардан 42, ал көзі тірісінде келісім берген донорлардан 100-ден астам ағза ауыстыру отасы жасалған.

Бүгінде Қазақстанда төрт мыңнан адам ағза донорын күтіп отыр. Дәрігерлер жыл сайын елімізде «Күту парағындағы» 300-ге жуық науқас донор тапшылығынан қайтыс болатынын, ал бұл тізімге жылына сонша адам қосылатынын айтады. 

Сондай-ақ оқыңыз