Қазақстан азаматтары Италияға виза рәсімдеуде қиындыққа тап болуда

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Визалық орталықтарда бірнеше ай бойы бос слоттар жоқ / Фото: kursiv.media архиві

Қазақстандықтар Италияға виза алу үшін құжат тапсыру мүмкін еместігін айтып. жаппай шағымдануда. Әсіресе, Алматы мен Астанадағы визалық орталықтарда бірнеше ай бойы бос слоттар жоқ екенін айтады. Бұл туралы Италияның бұрынғы вице-консулы, тіл мектебінің негізін қалаушы Әділ Руслан хабарлады.

Слоттар тек Атырауда ашылады

Оның айтуынша, көптеген студенттер мен оқытушылар құжат тапсыруға жазыла алмай жүр. Бос күндер пайда болған жағдайда, олар тек Атырауда ашылады, ал ол ірі мегаполистегілер үшін тым қашық.

«Адамдар жолға көп қаражат жұмсайды, ал кейбіреулер слоттар «таныс арқылы» сатылады дейді. Бұл – жай өсек емес, жүздеген отбасы бастан кешіп жатқан жағдай», — деп жазды ол Threads желісінде.

«Маған да виза берілмеді…»

Руслан Италия университеттерімен жиырма жылдық әріптестіктен кейін өзі де виза ала алмағанын айтты.

«Себебі? Қаржылық кепілдік пен сақтандыру ұсынбадым депті. Ал шын мәнінде барлық құжаттарым толық болды. Менің отбасым, балаларым, тұрақты жұмысым мен Қазақстанда бизнесім бар. Италияны ондаған жыл бойы насихаттап жүрген адам ретінде менің босқын еместігімді дәлелдеуге тағы не қажет?» — деді ұстаз.

Жүздеген студент виза ала алмай жүр

Оның айтуынша, жүздеген студент Италияда оқуға ақы төлеп қойғанымен, визаға құжат тапсыра алмай жүр.

«Олар уақытын, ақшасын, жүйкесін жоғалтып жатыр. Бұл енді жай қолайсыздық емес, бұл қорлау мен адамдардың құқықтарын өрескел бұзу деп білемін», — деп жазды Руслан.

Ол бұл мәселемен Италияның Сыртқы істер министрлігіне де жүгінгенін, алайда жағдай өзгермегенін атап өтті.

Айта кетейік, Италия үкіметі 2026-2028 жылдар аралығында Еуроодаққа кірмейтін елдерге 500 мың жаңа жұмыс визасын береді. Елде жұмыс күші жетіспейді.

Сондай-ақ оқыңыз