Жаңалықтар

Әкімдіктер енді қала құрылыс жобаларын өз бетімен өзгерте алмайды

Коллаж: kursiv.media

Мәжілісте Құрылыс кодексінің жобасын талқылау барысында депутат Марат Башимов қалалардағы ретсіз құрылыс мәселесін көтерді.

Депутаттың айтуынша, соңғы жылдары елдімекендердегі құрылыс қоғам тарапынан жиі сынға ұшырай бастаған.

«Қалалар тас қала орманына айналып, көпқабатты «құмырсқа илеуіне» ұқсайды. Әлеуметтік инфрақұрылымның жетіспеушілігі өткір тұр, ал құрылыс компанияларының мүдделері бірінші орынға шығып отыр. Рұқсат беру құжаттары көбінесе қала құрылысы құжаттарымен қайшы келеді, жердің мақсатты тағайындалуы өзгертіледі. Мұның бәрі қоғамда наразылық тудырады және әлеуметтік шиеленіске себеп болады», — деді Башимов.

Депутат елдімекендерді дамыту мен құрылыс шешімдерін қабылдауда мәслихаттардың рөлін күшейтуді ұсынды.

Әкімдік енді детальдық жоспарлау жобаларын өз бетімен өзгерте алмайды

Депутаттың бұл уәжіне Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев жауап берді. Ол елде жаңа бақылау механизмі енгізілгенін айтады.

«2024 жылдан бастап алғаш рет детальды жоспарлау жобаларына (АДЖ) мемлекеттік сараптама енгізілді. Енді барлық мұндай жобалар аймақтандыру мен генеральді жоспарға сәйкестігі бойынша тексеріледі. Егер бәрі талаптарға сай болса, эталондық үлгі жасалады, оның негізінде бастапқы рұқсат құжаттары беріледі. Кейде әкімдіктер жоспарлау жобаларын бірнеше рет қайта қарап, генеральді жоспардан тыс түзетулер енгізіп жатады. Енді мұндайға жол жоқ, эталондық үлгі бойынша бәрі салыстырылады», — деп сендірді министр.

Нағаспаев әкімдіктердің қала құрылыс жобаларын бекітуде жауапкершілігі артатынын және жаңа тәртіп нүктелік құрылысқа жол бермейтінін атап өтті.

«Бұл тиімді механизм деп санаймыз, енді тас қала ормандары мен нүктелік құрылыс тоқтатылады», — деді ол.

Министр құрылыс жобаларын мәслихаттармен келісу идеясын қолдайтынын айтты.

Нағаспаев Алматының қала құрылысына қатысты жаңа өзгерістерге де тоқталды.

«Бұрын қалада кез келген жер учаскесінде детальдық жоспарды өзгертуге болатын, алайда қазір бұл мүмкіндік тек кемінде 10 гектар жер учаскесіне ғана беріледі. Яғни, жеке бизнес-орталық немесе жеке тұрғын үй салу үшін үлкен көлемдегі жер қажет болады», — деп атап өтті министр.

Құрылыс жобалары қоғамдық тыңдаудан өтпейінше мақұлданбайды

Сонымен қатар Алматыда қоғамдық кеңес құрылып, енді кез келген жоспарлау және құрылыс жобалары қоғамдық тыңдаудан өтпейінше мақұлданбайды. Бұл өзгерістер жобалардың ашықтығын қамтамасыз етіп, тұрғындардың қала дамуына тікелей қатысуына мүмкіндік береді.

Осылайша, әкімдік бұрынғыдай жоспарлау жобаларын өздігінен өзгерте алмай, барлығы мемлекеттік бақылау мен қоғамдық бақылау аясында жүзеге асырылады.

Айта кетейік министр құрылыс кодексін әзірлеуге қанша қаржы жұмсалғанын да айтып өтті.