Жаңалықтар

BI Group, BAZIS, RAMS секілді құрылыс компаниялары да заңға бағынуға тиіс – депутат

Депутат жосықсыз құрылыс салушылар реестрін енгізуді ұсынды / Фото: kursiv.media

Мәжілісмен Бақытжан Базарбек үлескерлерді сан соқтырып кететін құрылыс компанияларының әрекетіне қатысты пікір білдірді. Депутат сондай-ақ жаңа қала құрылысы кодексіне жосықсыз құрылыс компанияларының реестрін енгізуді ұсынды.

Депутаттың айтуынша, кейбір құрылыс компаниялары азаматтарды алдап, қомақты қаржыға шығынға ұшыратып, оларды баспанасыз қалдыруда. Соның салдарынан қарапайым халық жапа шегіп отыр.

«Кейбір құрылыс салушылар жер телімдерін сатып алып, оларды ПДП түзетусіз, рұқсатсыз игере салады. Осылайша адамдарды алдап отыр. Мұндайға қатаң шаралар қажет», – деді депутат.

Базарбектің айтуынша, сот шешімінен кейін мұндай құрылысшылар «жосықсыз құрылыс салушылар» тізіміне енгізілуі тиіс. Ол бұл бастаманы депутаттар корпусы қолдайды деп үміттенеді және кодекске нақты бақылау тетіктері енгізіледі деген сенім білдірді.

Бақытжан Базарбек Bi Group пен «Базис» сияқты ірі құрылыс компанияларына бұл талаптар қолданыла ма деген сұраққа да жауап берді.

«Әрине, қолданылады. Заң қатал, бірақ ол – заң. Егер бұл заң қандай да бір құрылыс компаниясына қолданылмаса, онда ондай заңның құны көк тиын. Барлық құрылыс салушылар бұл заңды сақтауы керек. Олардың қатарында BI, BAZIS, RAMS және басқалары да бар. Егер заңды сақтамаса – бәріне бірдей талап қойылады», – деп атап өтті ол.

Айта кетейік,  Бақытжан Базарбек Алматы облысында жерді бөлу барысында орын алған жаппай заңбұзушылықтармен күресін жалғастырып жатыр.