Берденов ісі: сот үкімі өзгеріссіз қалды

Жарияланды
Фото: Дилара Иса

Шымкент қалалық соты қала әкімінің бұрынғы орынбасары Руслан Берденовке оқ атып, жаралаған Ернар Жиембайдың апелляциялық шағымын қанағаттандырмады. Бірінші сатылы соттың үкімі өзгеріссіз қалдырылды. Жәбірленуші тарап кассациялық шағыммен қоса, Берденовтің денсаулығын оңалтуға кеткен шығынды өндіруге азаматтық талап-арыз түсіретінін мәлімдеді.

Апелляциялық шағымды Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы қарады.

«Сотталған Ернар Жиембайға қатысты Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 20 тамыз 2025 жылғы үкімі өзгеріссіз, жәбірленушінің өкілі Жеңіс Тыныбектің, сотталған Ернар Жиембай, қорғаушысы Жиембай Пірәлиев, адвокат Нұрдәулет Мұсақұловтың апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын», – деді алқа төрағасы Бәйдібек Дүйсебеков.

Сот алқасының пікірінше, сотталған Жиембайдың іс-әрекеті Қылмыстық кодекстің 24-бабының 3-бөлігі арқылы 99-баптың 1-бөлігімен дұрыс сараланған.

«Жиембайдың жәбірленушіге қасақана өлтіруге бағытталған әрекеттері өз дәлелін тапқан. Яғни атыс қаруын жәбірленуші Берденовке бағыттап, бірнеше рет оқ атқан. Оқ жәбірленушінің денесіне тиіп, жарақат алған. Жиембай өз әрекетін соңына дейін жеткізе алмаған. Оның әрекеті адамды қасақана өлтіруге бағытталған. Бірақ өзіне белгісіз мән-жайлармен ақырына дейін жеткізе алмаған», – деді алқа төрағасы.

Сөйтіп сотталушы Ернар Жиембай «Адам өлтіру» бабымен кінәлі деп танылып, 9 жыл жазасын түрмеде өтейтін болды. Ол апелляциялық шағымында жаза мерзімін өзгертпесе де, айыптауды алмастыруды сұраған еді.

«Негізі үкіммен еш келіспеймін. Адам өлтіруге деген ниетім болған жоқ. Енді сот осылай баға берсе не істейміз, амалымыз жоқ», – деді ол Kursiv.Media сот қаулысынан кейін.

Апелляциялық қаулымен жәбірленуші тарап та келіспейтінін білдірді. Жеңіс Тынысбек кассациялық шағыммен қоса, азаматтық тәртіппен Берденовтің денсаулығына қатысты кеткен шығынның бәрін өндіруге арыз түсіретінін хабарлады.

«Шымкентте өзгере ме, жоқ па күмән болды. Күмәніміз ақталды. Сот үкімі өзгерген жоқ. Өз тарапымыздан жоғарғы сотқа шағымданамыз. Сонымен қатар келтірілген залал бойынша азаматтық талап-арыз береміз», – деді ол.

Оның сөзінше, Берденов әлі ем қабылдап жатыр. Оның жарақат алғаннан кейінгі еміне және алдағы оңалтуға кететінін шығыны әлі есептелмеген. Сондықтан сотқа қанша залал өндіру туралы арызданатыны әлі анық емес.

Сот апелляциялық шағымды кеше қарай бастаған. Бірінші сатылы сот үкіміне тараптардың бәрі келіспей, апелляциялық шағым түсірген болатын.

Айта кетейік, 21 сәуір күні қала әкімінің орынбасары 40 жастағы Руслан Берденовке қала әкімдігі ғимаратының маңында Ернар Жиембай оқ атып, жаралаған еді. 4 айдан соң сот оны «Адам өлтіру» бабымен кінәлі деп танып, 9 жылға бас бостандығынан айырған.

Ал Берденов көп өтпей өз еркімен қала әкімі орынбасары қызметінен кеткен. Ол бұл қызметке ақпан айында келген болатын.

Сондай-ақ оқыңыз