
Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында жетекші маман ретінде жұмысқа кіру үшін сынақ мерзімінде жүрген қызметкер есірткі заттарын сақтады деген айыппен сотталды. Әуелі әлеуметтік желіде тараған ақпаратты, ресми орындар растады.
Шымкентте «есірткі тасымалдады» деген күдікке ілінген сот қызметкеріне қатысты үкім шықты. Сотталушының есірткімен ұсталғаны жөнінде 3 күн бұрын Козачков телеграмм коналында жариялаған болатын.
«@ Koza4kov_bot-тың дереккөзінше, демалыс күндері полиция қызметкерлері тексеру мақсатында жас әйелді тоқтатқан және одан есірткі затын тәркілеген. Кейіннен оның қылмыстық сотта мұрағатшы болып жұмыс істейтіні анықталған» деп хабарлаған еді Козачков.
Көп өтпей бұл ақпаратты қалалық полиция департаменті растады. Есірткі заттарын сақтау фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізген. Айыптау қорытындысы бар істі сотқа жіберу үшін прокуратураға берілгені хабарланды. Ал күдіктінің сотқа жұмысқа кіру үшін сынақ мерзімінде болғанын қалалық сот мәлімдеді.
«Маман ағымдағы жылдың 16 шілдесінен бастап Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотына жетекші маман болып жұмыс істеу үшін сынақ мерзімінен өтті. Сынақ мерзімінде ол еңбек қатынастарын бұзған. Бүгінгі таңда онымен еңбек қатынасы тоқтатылды», делінген Шымкент қалалық сотының хабарламасында.
Қалалық соттың дерегінше, іс бойынша екі адам жауапқа тартылған. Сотталушылар 2025 жылғы 4 қазан күні Телеграмм әлеуметтік желісі арқылы «меткатинонның аналогы 3-хлорметкатинон» атаулы психотроптық затын сатып алып, заңсыз сақтаған. Кінәсін толық мойындаған.
Олар Қылмыстық кодекстің «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» бабымен кінәлі деп танылып, 100 күнге қоғамдық жұмысқа тартылған.