«Әйелімді үйінді астынан шығарып алдық»: Bek Air апатынан аман қалған алматылық

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
BekAir ұшағы апатынан аман қалғандар сотқа қатысып жатыр/фото: shutterstock

2019 жылдың 27 желтоқсанында апатқа ұшыраған Bek Air ұшағында болған Нұрлан Төлебаев сотқа жәбірленуші ретінде қатысып жатыр. Ер адам әйелі, екі баласымен бірге сол күні Алматыдан астанаға ұшуы керек болған.  

2025 жылдың 9 қазанындағы сот отырысында Төлебаев оқиға болған күнді есіне алды.

«Үлкен қызым ол кезде алтыға толмаған, кішкентайымыз тоғыз айлық еді. Тіркеуден өткен соң бізді автобуспен ұшаққа алып барды. Сыртта өте суық еді. Ұшақтың іші де өте суық болды. Стюардессадан «неге сонша суық?» деп сұрадым. Ұшақ ұзақ уақыт ұшпаған сияқты, яғни алдын ала жылыту жүргізілмеген секілді көрінді. Бізге «орныңызға жайғасыңыздар, ұшақ қызған содан соң ұшамыз» деді.

Біз үшінші қатарда отырдық. Әйелім кішкентай баламен генерал Хайдаровтың жанында отырды. Генерал ірі денелі болғандықтан, әйелім менімен орын ауысуды өтінді. Біз орын алмастық. Бос қатарға барып жайғастық», – дейді жәбірленуші Төлебаев.

Айтуынша, ұшақ соғылғаннан кейін есінен танып қалған.

«Көзімді ашқан кезде бәрі қап-қараңғы еді. Әйелім мен балаларымды іздей бастадым. Бірақ орнымнан тұра алмадым. Жақын жерде отырған жігіт көзін ашып, көмек сұрай бастады. Сыртта адамдардың жүгіріп жүргенін байқадым да, айғайлап көмек сұрадым. Әйелім ол кезде дауыс қатпады. Балалар да үнсіз қалды. Кейін әйелімнің үстін басып қалғанын білдім. Біраз уақыт ес-түссіз жатқан. Араға уақыт салып балаларды бәзбіреулердің алып кеткенін айтты», – дейді ер адам.

Содан кейін апаттан аман қалған жолаушылар ер адамды үйінді арасынан алып шыққан.

«Мен де оларға қосылып, әйелімді іздей бастадым. Кейін құтқарушылар мен ТЖ қызметкерлері келді, мені шетке шығарды. Балаларымды іздеп, сол маңдағы үйлерге қарай жүгірдім. Себебі балаларды сол маңдағы үйлерге апарды деп айтты. Екі қызымды ол жерден де таба алмадым. Апат болған жерге келіп, әйелімді үйінді астынан шығарғанын күттім», – дейді Төлебаев.

Жәбірленуші азаматтық талап арыз негізінде сотталушылардан 20 млн теңге сұрап отыр.

Bek Air ұшағы апатқа ұшырады

2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматыдан елордаға шыққан ұшақ таңғы 07:22 кезінде екі қабатты құрылыс нысанымен соқтығысқан. Әуе апаты салдарынан 12 адам қаза тауып, 49 адам зардап шеккен. Ұшақ бортында 93 жолаушы мен экипаждың 5 мүшесі болған. Қаза болғандардың ішінде ұшақ командирі Марат Мұратбаев та бар.

Екінші ұшқыш Мейіржан Молдақұлов ауруханаға түсті. Алайда бір айға жуық уақыттан кейін ұшқыш үйінде қайтыс болды.

Марқұм екі ұшқышқа Қылмыстық кодекстің 344-бабы 3-бөлігінде көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылықты жасады деген айып тағылған. Бұл бапта әуе көлігі жүрісі немесе оларды пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жағдай көрсетілген

Сондай-ақ оқыңыз