Жаңалықтар

Беларусь қазақстандық аграрларға арнайы бағдарлама ұсынуға дайын

Қазақстан – Беларусь ауыл шаруашылығы форумында 50-60 миллион доллардың келісіміне қол қойылады/фото: kursiv.media

Астанада Қазақстан – Беларусь аграрлық форумында 50-60 миллион доллардың келісіміне қол қойылады. Бұл туралы Беларусьтің Қазақстандағы елшісі Алексей Богданов айтты, деп хабарлайды KursivMedia.

22-24 қазанда өтетін аграрлық форум сүт пен ет өндірісі және ферма қызметін қамтамасыз ететін машина жасау саласындағы технологиялар тақырыбына арналады.

«Екі ел экономикасындағы маңыздың бағыттардың бірі – инвестициялық ынтымақтастық. Қазақстанның қайта өңдеу салаларында бірқатар инвестициялық жобасын қарастырып жатырмыз. Ең алдымен бұл сүт фермалары мен сүтті қайта өңдеу жобаларына қатысты болып отыр. Сондай-ақ медицина саласы да талқыланып жатыр», – деді Богданов.

Маман даярлау мәселесі

Елшінің айтуынша, адамзаттың өмір сүруі үшін қажет өнімді өндіретін адамдар болуы керек. Ал ол үшін білім қажет.

«Бір комбайнның бағасы 200-300 мың доллар тұрады, оның рөліне кез келген адамды отырғызуға болмайды. Оны бір-екі күнде істен шығарып алмайтын маман керек, яғни, механизаторлар қажет. Дәл сол сияқты сүт және ет саласының да өз ерекшелігі бар. Cиырдың сүтті, малдың етті болуы – экономика негізі», – дейді Богданов.

Беларусьтің Қазақстандағы елшісі Алексей Богданов/фото: kursiv.media

Осы бағытта екі елдің аграрлық ведомстволары арасында келісімге қол қойылған. Ол – Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті мен Беларусь мемлекеттік аграрлық-техникалық университеті арасындағы келісім.

«2026 жылдан бастап тиісті сала бойынша мамандарды даярлауға бағытталған бірлескен жоба іске қосылады.

Бұдан бөлек, қысқа мерзімді курстар ұйымдастыруды ұсындық. Фермерлерге арналған жедел оқыту бағдарламалары. Бізде мұндай тәжірибе бар. Бұған дейін Ресей және басқа елдерден келген мамандарды осылай оқыттық. Яғни, бір немесе екі ферма өкілдері келіп, соларға арнайы екі-үш апталық бағдарлама жасалады. Теориялық сабақтар аграрлық университетте өтсе, тәжірибе ең үздік шаруашылықтарда жүргізіледі. Бұл бағдарлама тиімді екенін көрсетті, сондықтан біз осы тәжірибені қазақстандық аграрларға да пайдалануды ұсынамыз», – дейді елші.

Ал форум аясында Қазақстанға Беларусьтің үш ғылыми-тәжірибелік орталығы мамандары келеді. Олар – мал және өсімдік шаруашылығымен айналысатын институттар. Беларусь мамандары алған тұқым мен картоптың түрлі сорты ұсынылады.