Жаңалықтар

Астанадағы аурухана сотталған адамды қабылдаудан бас тартқан

осужденный, госпитализация
Сот актісі күшіне енген жоқ/фото: shutterstock

Қызылордадағы колониядан Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығына жіберілген ер адам аурухананың әрекеті заңсыз екенін дәлелдеп шықты. Жоғарғы соттың хабарлауынша, сот актісі күшіне енген жоқ.

Оқиға қалай басталды?

Түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталушы нейрохирургтың қорытындысы бойынша бел омыртқасына ота жасау үшін Астанаға жіберілген.

Орталық «Емдеуге жатқызу бюросы» порталы арқылы жоспарланған ауруханаға жатқызуды мақұлдап, операция жасайтын болған.

Сотталушы ем алу үшін конвоймен Астанаға жеткізілген. Алайда медициналық мекемеге келгеннен кейін, сотталғандарға мамандандырылған палата болмауына байланысты оны ауруханаға жатқызудан бас тартқан.

Сотталушы аурухананың бұл әрекетіне қатысты сотқа шағым түсірген.

Орталықтың әрекеті заңсыз

Бірінші сатыдағы сот істі қарап, Орталықтың бұл әрекетін заңсыз деп тапты. Заңға сәйкес, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде отырған адамдар толық медициналық көмекпен қамтамасыз етілуге тиіс.

Ал медициналық ұйымдар қамауда ұсталған адамдарды ауруханаға жатқызу үшін қауіпсіздік шараларымен жабдықталған оқшауланған палаталарды қамтамасыз етуге міндетті.

Шешімге не әсер етті

Сот барысында Орталықтың науқасты қабылдауға дайын екені және ауруханаға жатқызу мерзімі алдын ала бекітілгені айтылды.

Сот бұған кедергі болатын күтпеген жағдайды анықтаған жоқ

Сондықтан ауруханаға жатқызудан бас тарту заңды күту қағидасын және азаматтың медициналық көмекке құқығын бұзған заңсыз деп танылды.