Алматыда NEW VISION 2025 форумы басталды

Алматыда NEW VISION 2025 форумы басталды. Биыл екінші рет ұйымдастырылып отырған үш күндік форумға Booking.com құрылтайшыларының бірі Джефф Хоффман, Disney және Warner Brothers студияларының бұрынғы басшысы Макс Ховард, InDrive компаниясының негізін қалаушы. Арсен Томский қатыспақ. Сонымен қатар әлемдік бестселлердің авторы Робин Шарма келеді.
Сонымен бірге, форумда Александр Высоцкий, Михаил Гребенюк, Игорь Манн сияқты бизнес-коучтар мен қазақстандық кәсіпкерлердің қатысуымен түрлі сессия өтеді.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, шараға 10 мыңнан астам адам қатыспақ. Олардың қатарында кәсіпкерлер, инвесторлар, халықаралық компаниялар мен бизнес-клубтардың өкілдері қатысады деп күтілуде.
Форумның биылғы тақырыбы — Future Ready. 2026 жылға арналған жаңашыл стратегиялар. Ол экономикалық трансформация мен технологиялық өзгерістер дәуірінде бейімделудің маңыздылығын айқындайды.
Жиынның мақсаты ретінде:
«Кәсіпкерлер мен бизнес өкілдеріне технологиялар, бизнес, экономика және геосаясат салаларындағы қарқынды өзгерістер дәуірінде дамуға қажет жаңа білім, құралдар және байланыс ұсыну», -делінген.
Форум бағдарламасы аясында:
- 50-ден астам іскерлік сессия;
- 100-ден аса компания қатысатын бизнес-көрме;
- халықаралық және өңірлік сарапшылардың панельдік пікірталастары;
- мастер-класстар, келіссөз алаңдары мен инвесторлармен кездесу өтеді.
Форумға YPO Kazakhstan, KIT және Equium сынды ірі бизнес-клубтар қатысады. Әр клуб өз сессиясын ұйымдастырып, қатысушыларға нақты практикалық тәжірибе ұсынады.
NEW VISION форумы биыл екінші рет өтіп жатыр. Былтыр форум 30 елден 6 000-нан астам қатысушыны жинап, цифрлық технологиялар, инвестициялар және адами капитал тақырыптарында пікір алмасу алаңы болған.