Жаңалықтар

Салық төлеушілер биометриялық тексерістен өтетін болады

Салық төлеушілер енді биометриядан өтеді / shutterstock, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Қаржы министрлігі салық төлеушілерді биометриялық сәйкестендіру тәртібін енгізу жөніндегі жаңа ережені бекітті. Құжат 18 қазаннан бастап күшіне еніп, 2025 жылдың соңына дейін қолданыста болады. Бұл жаңашылдық салық жүйесінде қауіпсіздік пен ашықтықты арттыруды көздейді.

Енді салық төлеушілердің тұлғасы арнайы биометриялық технология арқылы тексерілетін болады. Бұл тәсіл электрондық шот-фактуралар ақпараттық жүйесіне тіркелу және тәуекелдерді басқару жүйесі арқылы тексеру барысында қолданылады.

Министрлік бекіткен ережелерге сәйкес, егер салық төлеушіге қатысты тәуекелдер анықталса, ол туралы хабарлама ақпараттық жүйе порталы арқылы жіберіледі. Мұндай жағдайда кәсіпкер электрондық шот-фактура жазу алдында күніне бір рет биометриялық сәйкестендіруден өтуі тиіс.

Қалай жұмыс істейді

Биометриялық сәйкестендіру үдерісі үш кезеңнен тұрады. Егер салық төлеуші үш рет сәтті тексеруден өтсе, кейін шот-фактураларды еркін түрде, қосымша верификациясыз рәсімдей алады. Ал сәйкестендіру сәтсіз өтсе, жүйе электрондық шот-фактура жазуға рұқсат бермейді.

Ақпараттық жүйе биометриялық деректерді салық төлеушінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен салыстырып, «Цифрлық профиль» (did.gov.kz) платформасындағы мәліметтермен тексереді. Егер сәйкестік расталса, жүйе салық төлеушіні қатысушы ретінде тіркейді немесе оның электрондық шот-фактурасына тіркеу нөмірін береді.

Ережелерде жеке және биометриялық деректердің жиналуы мен өңделуі Қазақстан Республикасының «Жеке деректер және оларды қорғау туралы» заңына толық сәйкес жүргізілетіні атап өтілген.

Бұған дейін қазақстандықтар SIM-карта сатып алғанда биометриялық тексеруден өтетіні хабарланған.