
ЕуроОдақ елдерінің елшілері Ресейден мұнай мен газ импорттауға тыйым салу жөніндегі Еурокомиссия жоспарын мақұлдап, оны сыртқы істер министрлеріне қарауға жіберді. Reuters агенттігінің хабарлауынша, бұл мәселе 20 қазанда ЕО сыртқы істер министрлерінің отырысында талқыланады.
Негізгі мақсат — 2028 жылға дейін Ресей энергия ресурстарынан бас тарту
Құжатқа сәйкес, барлық ЕО елдері, оның ішінде Ресеймен энергетикалық тұрғыда тығыз байланысты Венгрия мен Словакия, ұлттық жоспарын жасап, ресейлік мұнай мен газдан біртіндеп бас тартуы тиіс. Бұл үшін Еуропалық заңнамаға өзгерістер енгізіледі.
Алғашқы ұсыныс бойынша толық бас тарту мерзімі 2028 жыл деп белгіленген, бірақ Bloomberg дерегінше, кей елдер бұл процесті 2027 жылдың басына дейін жеделдетуді талқылаған. АҚШ тіпті 2026 жылға дейін тоқтатуды ұсынған, алайда ЕО дипломаттары бұл мерзімнің орындалуы қиын екенін айтқан.
Газ импортына қосымша бақылау енгізу ұсынылды
Франция мен Италия сұйытылған табиғи газ импортына алдын ала рұқсат алу немесе оның шығу тегін порттарда тексеру тетігін енгізуді ұсынды. Бұл шара ресейлік газдың еуропалық нарыққа айналма жолмен түсуін болдырмауға бағытталған.
Reuters-тің хабарлауынша, жоспарға ЕО елдерінің басым бөлігі қолдау білдірген. Тек Венгрия мен Словакия наразылық танытып отыр. Дегенмен бұл шешім санкция емес, сауда саясатына қатысты болғандықтан, оны бекіту үшін барлық елдің бірауыздан келісімі қажет емес, көпшілік дауыспен қабылдауға болады. Агенттік дерегіне сүйенсек, 20 қазандағы отырыста құжаттың қабылдануы ықтимал.
Словакия мен Венгрия ұстанымы
Словакия премьер-министрі Роберт Фицо Еуропалық ядролық форумда сөйлеген сөзінде жоспарды қатты сынға алды. Ол Ресейдің ядролық отынынан бас тарту Словакияның энергетикалық қауіпсіздігіне қатер төндіретінін айтты. Қазір Словакияда өндірілетін электр энергиясының 60%-дан астамы атом электр станцияларынан алынады.
Фицо мен Венгрия үкіметі Ресейден келетін газды тоқтату ел экономикасына ауыр соққы болатынын бірнеше рет ескерткен. Екі ел «Түрік ағыны» газ құбыры арқылы ресейлік отынды импорттайды. Премьер-министр Фицо тіпті бұл жоспар кейінге қалдырылмаса, жаңа антиресейлік санкцияларды бұғаттайтынын мәлімдеді.
Қазіргі жағдай қандай
Қарулы қақтығыс басталғаннан кейін ЕО елдерінің көбі Ресей отынын тікелей сатып алуды тоқтатқанымен, Reuters мәліметінше, Венгрия, Франция және Бельгия әлі де ресейлік газды импорттап отыр. Қазір ЕО газ импортында Ресейдің үлесі шамамен 12%-ын құрайды (соғысқа дейін бұл көрсеткіш 45% болған).
ЕО-ға сұйытылған табиғи газ жеткізушілер арасында Ресей АҚШ-тан кейін екінші орында тұр. Венгрия мен Словакия ресейлік мұнайды жа импорттайды: ол Украина арқылы өтетін «Дружба» құбырының оңтүстік тармағымен тасымалданады.