Қазақстанның халықаралық резервінде алтынның үлесі артты

2025 жылғы қыркүйегінде Қазақстанның жалпы халықаралық резерві 57,7 млрд долларды құрады. Ал таза халықаралық резервтері 55,5 млрд АҚШ долларына жетті. Бұл – Ұлттық банк тіркеген жаңа рекорд. Таза резерв жыл басында 43,5 млрд теңге болған.
Бір айда таза резерв көлемі 52,2 млрд доллардан 55,5 млрд долларға жетіп, 3,3 млрд доллар немесе 6,3%-ға өсті. Ал жыл басынан бері өсім 27,4%-ды құрап, шамамен 12 млрд долларға артқан.
Қазақстанның халықаралық резерві шетел валютасындағы активтер мен монетарлық алтыннан тұрады.
Шетел валютасындағы активтер қыркүйек айында 8,4%-ға (яғни 1,6 млрд долларға) азайып, 18 млрд долларға дейін төмендеді. Бұл көрсеткіш жыл басынан бері 18,2%-ға қысқарған.
Ал қордағы алтын үлесі артты. Қыркүйектің соңында оның жалпы құны 39,7 млрд долларды құрады. Бір айда өсім 14,5% (5 млрд доллар), ал жыл басынан бері 66,5%-ға артқан.
Алтын бағасы қымбаттап жатқан кезеңде Ұлттық банк алтын сатып алуда көш бастады. Дүниежүзілік алтын кеңесінің (World Gold Council, WGC) дерегі бойынша, Қазақстан өз қорына 8 тонна алтын қосқан.
Қазанда алтын фьючерстерінің бағасы трой унциясына $4 мыңнан асып, жаңа рекорд орнатты. Сарапшылар мұны инвесторлардың АҚШ-тағы үкімет жұмысының уақытша тоқтауынан кейін өз қаражатын «қауіпсіз активтерге» орналастыру әрекетімен байланыстырады.