
Алматыда Қазақстан мен шетелдің белгілі кәсіпкерлері қатысатын New Vision 2025 деген форум өтіп жатыр. Форум ұйымдастырушылары жиын 9-11 қазан аралығында 10 мыңнан астам адамның басын қосады деп отыр. Форумға әлемдік бестселлерлер авторы Робин Шарма келген.
Сонымен қатар Booking.com және Priceline.com негізін қалаған, жаһандық цифрлы сауданың бастауында тұрған Джефф Хоффман шақырылған. Алматыға сондай-ақ Electronic Arts негізін қалаған және видео-ойын индустриясын миллиардтаған нарыққа айналдырған Трип Хокинс; Waze және Moovit жасаушысы Ури Левин, Warner Bros. және Disney Studios бұрынғы президенті, продюсер Макс Ховард, TED сахнасындағы миллиондаған көрермен жинаған бизнес-кеңесші Джулиан Трежер және Deep Fission энергетика компаниясының басшысы Элизабет Мюллер келеді.
Осындай форумға қатысу қанша тұрады? New Vision 2025 форумының билеттері қазір да сатылып жатыр және ұйымдастырушылар 40%-ға дейін жеңілдік ұсынып отыр. Бағаға қазақ, орыс және ағылшын тілдеріне синхронды аударма кіреді.
Билет тарифтері мен бағалары
Форумның ең арзан билеті Standard тарифінде. Бұл тарифтегі билет құны 40 пайыз жеңілдікпен – 64 900 теңге. Осы тарифті таңдағандар форумның тек екі күніне (10-11 қазан) қатыса алады. Билет құнына жалпы сектордан орын алып, бизнес-көрмелерді тамашалау кіреді. Одан бөлек, New Vision қосымшасына қосылып, былтырғы жазбаларды көріп, биылғы көрмеден кейінгі бейнежазбалары үш ай тамашалауға болады.
Екіншісі – Business тариф. Оның бағасы – 164 900 теңге. Бизнес тарифін сатып алғандар жедел тіркеуден өтіп, форумның тек екі күніне қатыса алады. Standard тарифіндегі ұсыныстармен қатар, жабық мастер-кластарға қатысу құқығы, спикерлердің презентациясы мен қосымша материалдар беріледі.
304 900 теңгелік Prestige билетін сатып алғандар форумның үш күніне толық қатысады. Оларға VIP қызмет көрсетіліп, форумға кезексіз кіріп, партердегі орталық қатардағы VIP орындарға жайғасады. 9 қазан күні арнайы воркшоптарға қатысса, 10-11 қазан күндері арнайы сессияларды тыңдайды. Одан бөлек, New Vision бизнес қауымдастығына бір жыл мүше болады.
804 900 теңге тұратын VIP билеттің иелері спикерлермен жабық сессияларға қатысып, премиум аймаққа жеке кіреберістен кіріп, бизнес-таңғы ас ішеді. VIP- сектордағы алдыңғы орындарда отырады. Жеке онлайн көмекші беріліп, кездесуін ұйымдастырады. VIP лаундж бен Platinum лаунджға қатысып, форумнан кейінгі кешке барады. New Vision арнайы мерчін сыйға алады.
Ең қымбат билет – 1,7 млн теңге
Үш күндік форумның ең қымбат билеті Platinum тарифінде. Оның бағасы – 1 695 000 теңге. Бұл билетті сатып алған бизнесмендерге VIP тарифінің бүкіл артықшылықтары, жабық сессиялар мен спикерлермен жеке кездесу ұсынылады. Олар форумға жеке кіреберістен арнайы аймақ арқылы кіріп, VIP-сектордағы ең жақсы орынға жайғасады.
9 қазан күні YPO Kazakhstan ұйымдастырған жабық күнге қатысып, мұражай тамашалайды. Ал 10 қазан күні басты спикерлер және Platinum қонақтарымен кешкі ас ішеді. YPO Kazakhstan мүшелерімен жеке кездеседі.