
Алматыда алдағы жылдары қалада жаңа кітапханалар, мұражайлар мен театрлар ашылып, тарихи нысандар қайта жаңғыртылып, заманауи мәдени кеңістіктер құрылмақ. Бұл туралы Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.
«Мәдениет – бұл қаланың келбеті. Алматы әрдайым шығармашыл адамдарды біріктіретін рухани орталық болып келді және қаладағы әр аудан осы мәдени энергияны сезінетіндей жағдай жасау бағытында жұмыс жүргізіп жатырмыз», – деді Азамат Қалдыбеков.
Бүгінде Алматыда театрлар мен мұражайлардан бастап галереялар мен кітапханаларға дейін 100-ден астам мәдениет мекемесі жұмыс істейді. Жыл сайын оларды миллиондаған тұрғын мен қала қонақтары тамашалайды. Ал алдағы жылдары бұл көрсеткіш мәдени нысандарды жаңғырту мен жаңадан салудың арқасында айтарлықтай арта түспек.
Цирк пен театрлар жаңғыртылады
25 жылдан кейін алғаш рет Қазақ мемлекеттік циркінде кешенді реконструкция басталды. Аңызға айналған ғимараттың тарихи келбеті сақталып, ішкі құрылымы – инженерлік жүйелерден бастап көрермендер залына дейін толық жаңартылады. Сонымен қатар, Наталья Сац атындағы орыс балалар және жасөспірімдер театры мен «Алатау» дәстүрлі өнер театры күрделі жөндеуден өтуде.
Кітапханалар жаңа форматқа көшуде
Қаланың Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің 97% филиалы жаңғыртудан өтті. Мұнда өздігінен кітап алу станциялары, цифрлық технологиялар, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған оқу залдары ашылды.
2025 жылдың соңына дейін Алматының бес ауданында мектептер мен тұрғын кешендердің жанында жаңа заманауи кітапханалар ашылады.
«Қазіргі кітапхана – бұл жай ғана кітап сөрелері емес, ол – қарым-қатынас пен өзін-өзі дамытуға арналған интеллектуалды кеңістік», – деп атап өтті Мәдениет басқармасында.
Жаңа мұражайлар мен мәдени орталықтар
Жыл соңына дейін Observatorium мұражайы ашылып, «Райымбек батыр» мұражай кешенінің құрылысы аяқталады. Сондай-ақ, сақ мәдениеті орталығы, Жастар театры құрылып, 2030 жылға дейін қала бойынша 20 жаңа кітапхана ашу жоспарланып отыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Алматыда Museum of Arts Орталық Азиядағы алғашқы қазіргі заманғы өнер мұражайы ашылған еді.