Бағанашылдағы балалар үйінің тәрбиеленушілері басқа орталыққа көшіріледі

Алматы қаласының Бағанашыл шағынауданында орналасқан №2 Балаларды қолдау орталығының ғимаратына толық қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі.
Жөндеу кезінде орталықтың тәрбиеленушілері уақытша №1 мектеп-интернатына орналастырылады. Бұл туралы Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Қазіргі уақытта орталықта 100 бала тәрбиеленіп жатыр, оның ішінде 13-і мектепке дейінгі, ал 87-сі мектеп жасындағы балалар. Бұған дейін кейбір ақпарат құралдарында тәрбиеленушілерді басқа облысқа көшіру мәселесі көтерілген еді. Алайда әкімдік бұл ақпаратты жоққа шығарып, барлық балалар Алматы қаласында қалатынын ресми түрде растады.
Азамат Қалдыбековтың айтуынша, Президенттің тапсырмасы аясында ғимарат толық жаңартылып, балаларға қолайлы жаңа жағдай жасалады.
«Интегра» ЖШС әлеуметтік жауапкершілік шеңберінде бұл жобаны өз қаражаты есебінен жүзеге асырады және балаларды көшіруге толық дайын», – деді әкімнің орынбасары.
Балаларды көшіру мен орналастыру барысын Алматы қалалық Білім басқармасы қадағалап отыр. Басқарма басшысы Сайран Сайфеденов орталықты жаңарту жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып жатқанын және сол аумақта жаңа ғимарат салу жоспарланғанын айтты.
«Қазір балаларды №1 мектеп-интернатына көшіру мәселесі шешілді. Бұл мекеме де Білім басқармасының қарамағында. Онда бұған дейін «Жанұя» кешенінің 90-нан астам баласы тұрған. Балаларға 1100 шаршы метр, 18 бөлмеден тұратын орын бөлінді. Ғимаратта жеңіл жөндеу жүргізілді. Аптаның соңында балалар көшірілген соң, құрылыс компаниясы негізгі жөндеу жұмыстарына кіріседі», – деді Сайран Сайфеденов.
Еске салайық, 21 шілдеде Бағанашыл ықшамауданында орналасқан №1 балалар үйінің тәрбиеленушілерін билік Қонаев қаласындағы жаңа ғимаратқа күштеп көшіруге тырысқан болатын. Алайда балалар бұған қарсы шығып, оқиға орнында жанжал туындаған еді.
Осыдан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жағдайға араласып, балалар үйін көшіруге жол берілмесін деген нақты тапсырма берген. Сондай-ақ, оқиға бойынша Президент Әкімшілігінің өкілдері тексеру жүргізіп, мәселені бақылауға алған болатын.