Бейәдеп сөз айтқан ауыл әкіміне сот шешім шығарды

Бейәдеп сөз айтқан ауыл әкіміне сот шешім шығарды. Зайсан аудандық соты Шілікті ауылының әкіміне қатысты әкімшілік құқықбұзушылық ісін қарады.
Айта кететін жайт, бұл шенеунік түсіп қалған бейнежазба әлеуметтік желіде кең тарады.
Tengrinews.kz ақпаратына қарағанда, бейнежазбада ауыл тұрғындары әкімнің қабылдауына келіп, оның жұмысына қатысты сұрақ қойғаны көрінеді. Әңгіме барысында тараптар арасында жанжал туады. Шенеунік өзін-өзі ұстай алмай, бейәдеп сөз айтқан.
Қалай болған еді?
Әлеуметтік желілерде ауыл әкімінің бейәдеп сөз қолданған видеосы тарады. Оқиға әкімнің жұмыс кабинетінде болған. Тұрғындар сұрақ қойған кезде әкім ашуын баса алмай, дөрекі сөйлеген.
7 қазан күні облыс әкімдігінің баспасөз қызметі Telegram-арнасы арқылы бұл жағдайға байланысты әкімнен ресми түсініктеме талап етілгенін хабарлады.
Кейін видеоның кейіпкері – ауыл әкімі Шілікті ауылдық округі тұрғындарынан кешірім сұрап, өзін-өзі ұстай алмағанын мойындады.
Сот не шешті?
Соттың мәліметінше, 6 қазан күні сағат 15:00 шамасында әкім өз кабинетінде ауыл тұрғындары мен қоғамдық бірлестік өкілдерінің көзінше айналасындағыларға құрметсіздік танытқан. Бейәдеп сөздер айтқан.
«Сот отырысында азамат Т. кінәсін толық мойындады. Кездесуге қатысушыларға қарсы бейәдеп сөз қолданғанын жасырмады. Ол жасаған әрекетіне өкініш білдіріп, көпшілік алдында кешірім сұрады. Әкімшілік құқықбұзушылық куәгерлердің айғақтарымен, сотта зерттелген бейнежазбамен және оның өз түсініктемесімен расталды», – делінген сот хабарламасында.
Зайсан аудандық сотының қаулысымен шенеунік ұсақ бұзақылық бабы бойынша кінәлі деп танылып, 55 048 теңге айыппұл салынды.
Сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Мұның алдында Мәжіліс депутаты бұрынғы әкімнің ұлы қала аумағындай жерге иелік ететіні туралы мәлімдеме жасаған еді.