Жаңалықтар

Fendi, Valentino: министр Ақмарал Әлназарованың киім үлгісі сынға қалды

Фото: ҚР Үкімет баспасөз қызметі

Әлеуметтік желідегі оқырмандар денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованы сынға алды. Бұл жолы министрліктегі өзгерістер мен басшының жеке имиджі көпшіліктің назарын аударды.

Интернетте министрдің осы жылы қыркүйекте Нью-Йорктағы сапары кезінде түскен суреті тарады. Желі қолданушыларының жазуынша, Әлназарова Fendi-дің 6 мың доллар тұратын сөмкесін ұстап, Ferragamo 1 мың доллар тұратын туфлиін киген.

Фото: әлеуметтік желіден

«Біздің министріміз люксті жақсы көретін сияқты, өте көп ақшаға қымбат аксессуарлар алудан да қымсынбайды. Ал жалақысы ары кетсе 1 млн теңге шамасында», – деп жазды оқырмандардың бірі желіде

Министрдегі сөмке мен туфлидің бағасы

Бұған дейін министрді ауылға люкс туфлимен келді деп сынаған еді. Ұлытау облысындағы сапарының бірінде көпшілік оның аяғынан Valentino брендінің туфлиін байқады. Егер ол түпнұсқа болса, құны 1000 еуродан асады.

«Мені «кімнің есебінен» деген сұрақтан гөрі басқа мәселе ойландырды. Ауылдарға қымбат люкс көлікпен баратын адамның санасы қандай болуы керек?» – деп жазған еді сонда көпшілік.

Кейін брифингтің бірінде журналистер министрге осы жайлы сұрақ қойды, бірақ модератор тақырыпқа қатысты емес екенін айтып, сұрақты алып тастады.