4,5 млн-дық тәспі, 1 млн теңгелік халат: басы дауға қалған Жанна Канның бизнесі

Соңғы бір аптада қазақстандық медиа кеңістікте басы дауға қалған екі әйел болса, бірі – актриса Дариға Бадықова, екіншісі – кәсіпкер Жанна Кан. Киноның табысын бөліспеді деген күйеуінің айыбын Бадықова жоққа шығарды. Ал елге путиншіл спикерді әкелді деген Жанна Кан әлі үнсіз. Өзінің атына төгілген хейтке жауап қатпады. Даулы спикерлерді елге жинаған Жанна ханым кім? Қандай бизнесі бар? Толығырақ Kursiv.Media материалында.
Даудың басы неден басталды?
26 қыркүйекте Алматыдағы Республика сарайында өткен форумға ұйымдастырушылар спикер ретінде ресейлік Владимир Познер мен ментор, профессор Александр Ситниковты шақырды. Бар дау осыдан басталды.
Алматының төрінде отырған Ситниковтың «Путин 55 елге қарсы тұрды» деген пропагандистік әңгімесі көпшілікке ұнай қойған жоқ. Оны форум ұйымдастырушылары бизнесмендер мен саясаткерлердің менторы деп таныстырғанмен, ресейліктер арасында «инфосыған» атанған. Ал қазақ оқырмандары оны Кремль пропагандасы деп қабылдады.
«Біздің құзырлы органдар қайда қарап отыр? Елімізге мұндай насихат неге керек?», – деп жазды желі қолданушылары.
Жаннаның 91-ге келген Владимир Познердің жасын қайта-қайта (6 рет) айтқан сұхбатын тіпті күлкіге айналдырды. Бас-аяғы бірнеше күннің ішінде кәсіпкер ханымға да, оның Be Woman форумына да хейт қарша борады.
Мен үйде нағыз кәріс әйелімін
Жанна Кан – отызыншы жылдары Қазақстанға жер аударған кәрістердің ұрпағы. Тоқсаныншы жылдары күйеуінің жанында жүріп, кәсіпке араласып тәжірибе жинағанын айтады.
Бүгінде Жаннаға Damiani және Constella зергерлік дүкендер тиесілі. Zardozi авторлық бутик пен La Perla атты іш киімдер желісі де бар. Ол дүкендердің барлығы дерлік Essentai Mall мен Rixos-та орналасқан.
Damiani, Constella – премиум санаттағы өнімдер ұсынатын дүкен. «Без мишуры» подкастында Жанна жүргізуші Виктория Новиковаға дүкеніндегі 4,5 млн теңге тұратын тәспілерді көрсетеді. Ал қазақстандықтар үшін қолжетімді бұйым ретінде 500 мың теңге тұратын сақиналарды таныстырады.

Zardozi бутигінен 1,2 млн теңге тұратын барқыт халаттар немесе 200 мың теңгеге Zardozi Casual белдемшесін сатып алуға болады.
Дәл осы Zardozi брендіне қатысты да дау болған. Осы жылы қыста қазақстандық дизайнер Салтанат Әбділдаева Кан ақымды бермеді деп айыптаған. Оның айтуынша, Жанна Канн үшін жаңа коллекция дайындаған. Бірақ уәде еткендей дизайнердің пиарын да жасамаған, ақысын да төлемеген.
Өз кезегінде Жанна Кан дизайнер жұмысты соңына дейін аяқтамай, барлығын өз командасы жасағанын айтты.
Жанна одан бөлек қалталыларға арналған Alto, Senior тәрізді жабық клубтар құрып, түрлі шаралар өткізеді. Жақын достары ретінде Forbes-тің ең ықпалды бизнесмендер тізіміне енген Гауһар Қаппарова, Алматының экс-әкімі Ерболат Досаевтың әйелі Гүлнұр Досаеваны айтады.
Түзде бизнесін басқаратын Жанна үйде қарапайым кәріс келіншегімін дейді.
«Мен бұрқылдап, бірнәрсені дәлелдеуім мүмкін. Бірақ бәрібір соңғы шешімді күйеуім қабылдайды», – деген еді ол сұхбаттарының бірінде.
Сергей Кан – елдегі ең жабық бизнесмен
Жанна Кан – елдегі ең ірі бизнесмен Сергей Канның әйелі. Forbes рейтингінде Сергей Кан 22-орынға жайғасқан миллионер. Дәулеті 470 мың долларға бағаланған. Ол Александр Клебановпен (рейтингте №13) бірге «Орталық Азиялық отын-энергетикалық компаниясына» иелік етеді. Сол компания арқылы Петропавл, Павлодардағы жылу электр станцияларын басқарады.
2022 жылы апат болып, тұтас Екібастұзды жылусыз қалдырған орталық та осы Сергей Канға тиесілі болған. Төтенше жағдайға инфрақұрылымға дұрыс инвестиция салмаған бизнесменді кінәлі деп тауып, жылу орталығын қайтадан мемлекет меншігіне қайтарды.
Жылу орталықтарынан бөлек Сергей Кан «Circle Maritime Invest» кеме қатынасы компаниясының 50%-дық үлесіне иелік етеді. Rixos Almaty қонақүйінде және «Теңіз Star» ЖШС-де үлесі бар.
Кәсіпкер – өте жабық, медиада танымал емес. Мүлдем сұхбат бермейді, жеке парақшаларын жүргізбейді.
«Ол – өте қарапайым, аз сөйлейді, көп жұмыс істейді. Мінсіз беделі бар. Оны айыптай алатын бір адам жоқ. Ол барлығын тыныш жасайды. IQanat (талантты ауыл балаларына арналған бағдарлама) жобасына бірінші болып кірді, оны кездейсоқ көріп қалдым. Тұтас Солтүстік Қазақстан облысына қамқорлық жасайды «, – деген еді Жанна сұхбатында күйеуі жайлы.
Be Woman мен Қаңтар оқиғасының қандай байланысы бар?
2023 жылы Жанна Кан Ташкентте зергерлік дүкенін ашады. Өзбек әйелдерінің назарына аудару үшін командасымен Be Woman форумын өткізуді жоспарлайды. Динара Сатжанға берген сұхбатында ондай шара жасауға Қаңтар оқиғасы себепші болғанын айтады.
«Мен үшін Қаңтар оқиғасы триггер болды. Әрдайым қауіпсіз болмайтынын, бір оқиға болса қарақшылық, ұрлық болатынын көргенде құндылықтар, мәдениет жайлы ойлай бастайсың. Оны кім жасайды, кім басқарады? Мен Қазақстанда бақытты әйелдер өмір сүретінін көрсеткім келеді», – дейді ол.
2024 жылы форум алдымен Ташкентте, кейін Алматыда өтті. Сол кезде спикерлер арасында Илон Масктің анасы Мэй Маск, Wildberries негізін қалаушы Татьяна Ким, Ирина Хакамада сияқты тұлғалар болды. Форум әлеуметтік жоба ретінде таныстырылады, бірақ қатысу үшін 25 000 – 250 000 теңге аралығында билет сатып алу керек.
Хейтке қатысты Жанна Кан тікелей пікір берген жоқ, оның баспасөз командасы барлық ақпарат форумның парақшасына жарияланатынын ғана айтты.
«Адам болғасын әркім әртүрлі қабылдайды, талқылайды, кейде пікірлер келіспей жатады. Мұндай нәрсе болып тұруы заңды. Бірақ бастысы тоқтамай, алға жылжу керек. Өйткені сөзден гөрі форумнан кейін өмірі өзгерген, өзіне деген сенімі артқан әрекет ете бастағандардың оқиғалары шабыттандырады», – деп жазылған Be Woman парақшасында.