Жаңалықтар

Өзбекстанда шенеуніктерді ЖИ-мен алмастырып, 2000 адамды қысқартпақшы

Фото: ашық дереккөзден

2025 жылғы қарашада Өзбекстанда 2141 мемлекеттік қызметкер қысқартылады. Оларды жасанды интеллектімен алмастырмақшы. Ел президенті Шавкат Мирзиёев қол қойып, ұлттық заңнама базасында жариялады.

Құжатқа сәйкес, қысқарту түрлі мемлекеттік органдарды қамтиды:

  • Мемлекеттік салық комитеті – 498 қызмет орны,
  • Су шаруашылығы министрлігі – 224,
  • Ауыл шаруашылығы министрлігі – 200,
  • Әділет министрлігі – 197,
  • Экология, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі министрлігі – 176,
  • Еңбек және кедейлікті қысқарту министрлігі – 163.

Құжатта атап өтілгендей, бұл шешімнің мақсаты – мемлекеттік басқару органдарындағы штат санын оңтайландыру және олардың міндеттері мен функцияларын цифрландыру арқылы тиімділікті арттыру.

Ал жұмысынан қысқарған қызметкерлерді Еңбек және кедейлікті қысқарту министрлігі мен Өзбекстан кәсіподақтар федерациясы көмектеседі.

ЖИ-ді мемлекеттік қызметке енгізгенде, жұмыссыздықтың қоса жүретіні туралы бұған дейінгі сөзінде Тоқаев та айтқан еді.

«Көптеген кәсіп иелерінің жұмысын енді автоматты жүйе атқаратын болады. Мұндай үрдіс қазірдің өзінде жүріп жатыр. Бұл бірқатар мамандықтың ескіруіне, яғни көптеген адамның жұмыссыз қалуына әкеп соқтырады. Бұл – аса өзекті мәселе. Осы жұмысты қазірден бастап қолға алмасақ, мұндай үрдістің әлеуметтік салдары ауыр болады», – деген еді ол.