Авто

260 млн теңгенің көлігі: Ferrari алғаш рет электромобиль шығарды

Ferrari автозауыты / фото: REUTERS/Remo Casilli
Ferrari автозауыты / фото: REUTERS/Remo Casilli

9 қазанда Ferrari алғашқы Elettrica электромобилін таныстырды. Қымбат спорт автокөліктерін шығаратын компания үшін бұл тарихи оқиға. Бенедетто Винья оны «әркім армандайтын көлік» деп сипаттады.

Бейсенбі күні Италияның Маранеллодағы бас кеңсесінде Ferrari электромобильдің әлі толық дайын емес нұсқасын көрсетті. Reuters мәліметінше, бұл жолы сыртқы қаңқасы мен дөңгелектері жоқ электрокар таныстырылды. Шасси, батарея жүйесі мен электр қозғалтқышы ғана көпшілік назарына ұсынылды. Дайын көлікті бүкіл әлемге таныстыру салтанаты 2026 жылы өтеді.

Ferrari электромобилінің қозғалтқышы / фото: REUTERS
Ferrari электромобилінің қозғалтқышы / фото: REUTERS

Еуропа Одағы 2035 жылға қарай бензинмен жүретін жаңа көліктерді шектемек. Соған байланысты Феррари де жаңа талапқа бейімделуге мәжбүр. Алайда компания басшылығы оны жаңа мүмкіндік деп санайды.

«Біздің электрокарымыз әркім армандайтын көлік болады», – деді компанияның бас директоры Винья.

Феррари алғашқы электромобиль жобасын 2022 жылы бастаған. Бүгін Elettrica-ның негізгі сипаттамалары жарияланды. Жаңа көлік спорт купе немесе кроссовер стилінде болуы мүмкі, бірақ нақты дизайны әлі құпия сақталып отыр.

Жаңа электрокардың негізгі сипаттамасы:

  • Қозғалтқыш қуаты – шамамен 1000 ат күшіне жуық;
  • Батареяның қуат қоры – 100 кВт/сағаттан жоғары. 500 шақырымнан астам қашыққытта жетеді деген сөз.

Бастапқы бағасы – шамамен 550 мың доллар (шамамен 260 миллион теңге). Жекелеген адамдарға арнайы дайындалатын көлік құны екі есе жоғары болуы мүмкін.

Қазірдің өзінде Ферраридің жаңа жобасына күмәнмен қараушылар көп.

«Ferrari жетістікке жеткісі келсе, электромобиль нарығына теңдессіз дүние әкелуі керек. Әйтпесе ондай көлікті BYD-ден 30 мың евроға да сатып алуға болады», – дейді Aston Martin-нің бұрынғы бас директоры Энди Палмер Reuters-ке.

Естеріңізге сала кетейік, осы аптада Tesla Model 3 және Model Y нұсқаларының арзан Standard көліктерін таныстырған.