Жаңалықтар

Газа секторы мен Израиль соғыстың аяқталғанын тойлап жатыр

Тель-Авив тұрғындары атысты доғару туралы шешімді тойлауға шықты / фото: REUTERS/Ronen Zvulun
Тель-Авив тұрғындары атысты доғару туралы шешімді тойлауға шықты / фото: REUTERS/Ronen Zvulun

Израиль мен Газа секторының тұрғындары атысты доғарып, тұтқын алмасу туралы келісім жасалғанын тойлай бастады. Кепілге алынғандар үш күннің ішінде босатылады. Бұл туралы Reuters жазды.

Израиль шабуылынан 2 миллионнан астам адамы босқынға ұшыраған Газа секторында жастар қираған көшелерге шығып, бейбіт келісімге қол соқты. Дегенмен анклавтің кейбір аудандарында израиль соққылары әлі де естіліп жатты.

«Атыс тоқтағанына мың да бір шүкір. Қантөгіс пен кісі өлтіру аяқталды. Мен ғана емес, Газа секторының бүкіл халқы, арабтар, бүкіл әлем қуанды», – дейді Газа тұрғыны Абдул Мәжид Әбд Раббо.

Бұл уақытта Тель-Авивте туыстары кепілде отырған адамдар алаңға жиналып, тойлатты. Олардың арасында Матан есімі ұлы тұтқында отырған Эйнав Заугаукер де бар.

«Дем жетпей тұр. Құшақтап, бетінен сүйгім келеді. Оны тезірек көргім келеді. Иығымнан ауыр жүк құлағандай болды», – дейді ана.

Сәрсенбі күні Израиль мен ХАМАС атысты доғару, тұтқындарды босату жөнінде келісімге келді. Мұндай шарт екі жылға созылған соғысты аяқтаудың алғышарты болуы мүмкін.

Таяу Шығыстағы бұл соғыс 2023 жылғы 7 қазанда басталған. Сол күні ХАМАС қарулы топтары Израильдің оңтүстігіне басып кірген.

Израиль армиясының Газа секторына шабуылдарынан 67 мыңнан астам палестиналық қаза тапты. Шамамен 193 мың ғимарат қирады немесе зақымданды. Олардың арасында жүздеген аурухана мен мектеп бар.