
9 қазан, бейсенбі күні, Израиль мен ХАМАС Газа секторында атысты доғаруға келіскен соң, әлем нарығында мұнай арзандай бастады. Brent маркалы мұнай фьючерстері 0,77%-ға төмендеп, бір баррелінің құны 65,86 долларға дейін түсті.
Америкалық West Texas Intermediate маркалы мұнай фьючерстері де 0,88%-ға арзандап, оның бір баррелінің бағасы 62 долларға дейін төмендеді.
АҚШ президенті Дональд Трамп Израиль мен ХАМАС атысты жоғаруға, кепілге алынған адамдарды босатуға келісті деп мәлімдеді. Ал Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху бейбіт келісімді мақұлдау үшін бейсенбі күні үкімет отырысын өткізетінін айтты.
Reuters мәліметінше, Газа секторындағы соғыс мұнай бағасының жоғары болуына әсер етіп келген. Өйткені инвесторлар соғыстың бүкіл Таяу Шығысқа тарап, одан да ауқымды жанжалға ұласа ма деп қауіптенген.
Әлемдегі геосаяси жағдай мұнай бағасына тікелей әсер етіп отырғаны мәлім. Мәселен, сәрсенбі күні қара алтын құны 1%-ға көтерілген. Себебі инвесторлар Украинаға қатысты бейбіт келісімнің ауылы алыстап бара жатқанын, соған байланысты Ресейге салынған санкциялар мерзімі ұзара беретінін түсінген.
Экономикасы шикізат саудасына айтарлықтай тәуелді Қазақстан секілді елдер үшін мұнайдың арзандағаны тиімсіз. Өйткені республика бюджеті де шикізат құнын ескере отырып қабылданады. Мәселен, 2025 жылғы бюджетте мұнайдың бір баррелі 75 доллар болады деп есептелген.