
Қазақстандық миллиардер Болат Өтемұратов Майами, Мадрид ірі теннис турнирлерін ұйымдастыратын MARI компаниясына инвестиция құйды. Кәсіпкер жаңа жобаның теннис активтерін дамытумен айналысады.
Ғаламдық жаңа жобаның иесі Ари Эмануэль 3 млрд доллар инвестиция тартқанын Financial Times басылымына мәлімдеп үлгерді. Олардың арасында Өтемұратов қана емес, Apollo және Qatar Investment Authority секілді ірі инвесторлар да бар.
MARI Мадрид пен Майамидегі ірі теннис турнирлерін ғана емес, Frieze жәрмеңкесін де ұйымдастырады. Осыған қатысты келісім аяқталып жатқанын компания бір күн бұрын жариялады. Бұған қоса, MARI премиум-класс санатындағы қымбат автокөліктер аукционын ұйымдастыратын Barrett-Jackson компаниясын да сатып алды.
Қазақстандық миллиардер Болат Өтемұратов теннис активтерін дамыту стратегиясын анықтау жөніндегі комитет құрамына кіреді.
«Спорт, өнер және мәдениетті біріктіретін жаңа ғаламдық компания – MARI жобасының халықаралық инвесторлар тобына қосылғаныма қуаныштымын. Жетекші әріптестердің араласуымен, MARI компаниясы Mutua Madrid Open, Miami Open турнирлерін, сонымен бірге Frieze компаниясын сатып алды. Ерекше ғаламдық портфель жасаудағы ірі қадам. Қазақстан үшін спорт, мәдениет және өнер салаларында ең үздік халықаралық тәжірибеге қосылу мүмкіндігі ашылады», – дейді Өтемұратов.
Madrid Open мен Miami Open ірі теннис турнирлері ATP Masters 1000 пен WTA 1000 санатына кіреді.
Болат Өтемұратов Қазақстан теннис федерациясының президенті, Халықаралық теннис федерациясының (ITF) вице-президенті қызметтерін атқарады.