Азаматтық қызметкерлердің ең төменгі жалақысы 99 мың теңгеге жетуі мүмкін

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Азаматтық мемлекеттік қызметкерлері үшін ЕТЖ 99 мың болып бекіту жоспарда бар/Фото: kursiv.media архиві

2026 жылы азаматтық мемлекеттік қызметкерлер үшін ең төменгі жалақы 99 мың теңгеге дейін өсуі мүмкін. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді.

Вице-министрдің айтуынша, медианды жалақы мен еңбек өнімділігінің көрсеткіші жыл сайын артып келеді.

«Сол себепті ең төменгі жалақыны 85 мыңнан жоғары өсіруге мүмкіндік бар. Осы жылы бюджетте бұл мәселені қарастырмадық, дегенмен азаматтық қызметкерлеріне ең төменгі жалақыны 99 мың деп көрсетіп қойдық. 2026-2028 жылғы республикалық бюджет жобасында азаматтық қызметкерлердің ЕТЖ-сын 99 мың көрсеткіш қылып енгіздік. Бұл көрсеткішті барлық министрдің қарауына енгіземіз. Әдістеме бар, конвенцияның ратификациясын жасадық. Менің ойымша ең төменгі жалақы жыл сайын қарастырылуы керек» — деді Ертаев Сенат кулуарында.

Азаматтық қызметкерлерге кімдер жатады?

Еңбек кодексіне сәйкес қазыналық кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелерде штаттық лауазымды атқаратын адамдар азаматтық қызметшілер болып табылады.

Бюджеттік сала қызметкерлері:

  • Мұғалімдер, тәрбиешілер
  • Дәрігерлер, медбикелер, фельдшерлер
  • Ғалымдар, зертхана қызметкерлері
  • Мәдениет, спорт, әлеуметтік қорғау, архив, кітапхана, музей салаларындағы қызметкерлер
  1. Мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындарда еңбек ететін, бірақ мемлекеттік қызметші болып саналмайтын тұлғалар да бар. Мысалы:
  • Әкімшілік қызметкерлер (іс жүргізуші, бухгалтер, хатшы, т.б.)
  • Көмекші қызметкерлер (техперсонал, жүргізуші, күзетші, т.б.)

Еске салайық, осыған дейін Үкімет алдағы үш жылға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын бекіткен болатын. Құжатта елдің жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ), инфляция деңгейі, жалақы, сыртқы сауда көрсеткіштері және мұнай бағасына қатысты негізгі бағыттар қамтылған. Ел үкіметінің болжамына сәйкес, 2028 жылы елдегі орташа жалақы 605 мың теңгені құрауы тиіс.

Сондай-ақ оқыңыз