Қазақстанда ойын автоматтарын еркін әкелуге уақытша тыйым салынды

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: shutterstock, бильд-редактор: Серікжан Кобланбаев

Қазақстанда ойын автоматтарын елге әкелуге уақытша рұқсат тәртібі енгізіледі. Бұл шара заңсыз ойын бизнесімен және лудомания мәселесімен күресуге бағытталған. Бұл туралы Үкімет баспасөз қызметі хабарлады.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен Сыртқы сауда жөніндегі ведомствоаралық комиссия ойын жабдықтарын еркін әкелуге жарты жылға тыйым салу туралы шешім қабылдады.

Енді ойын автоматтарын тек құмар ойын қызметіне мемлекеттік лицензиясы бар ұйымдар ғана әкеле алады. Бұл — заңсыз казино мен ойынға тәуелділікке қарсы күреске арналған кешенді жоспардың бір бөлігі.

Өткен жылдың жазында Қазақстанда құмар ойындарға қатысты талаптар күшейтілген болатын. Мемлекеттік қызметкерлерге, әскери қызметшілер мен қарызы бар азаматтарға бәс тігулерге қатысуға тыйым салынды. Сондай-ақ букмекерлік кеңселердің сыртқы жарнамасына және тұрғын үйлерде, мектептер мен ауруханаларда лотерея терминалдарын орнатуға толықтай шектеу енгізілді.

Сонымен қатар қазақстандықтар үшін құмар ойындарға және бәс тігуге өз еркімен тыйым салу туралы өтініш беру мүмкіндігі пайда болды. Шектеу мерзімі — 6 айдан 12 айға дейін. Бұл өтінішті eGov mobile қосымшасы арқылы беруге болады.

Сондай-ақ оқыңыз