
Ақтауда «Мұнай-газ машина жасауды дамытудың халықаралық орталығы» қауымдастығы (IMBC) саланың жетекші операторларымен бірлесе ұйымдастырған мұнай-газ машина жасау форумы мен «Ашық есік күні» көрмесі өтті.
Форумның басты мақсаты – қазақстандық өндірушілердің мүмкіндіктерін кеңейту, оларды мұнай-газ саласының операторларымен (NCOC, ТШО, КПО және ККО) тікелей байланыстыру, сондай-ақ ірі жобаларды жүзеге асыру аясында сатып алынатын тауарлар мен жабдықтарды көрсету.

Іс-шара спикерлері қатарында ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошан, Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин, ҚР Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов және IMBC бас директоры Дастан Әбішев болды. Форум аясында ірі мұнай-газ операторларының басшылары – Джанкарло Рую (NCOC), Марко Марсили (KПО), Уильям Лакоби (ТШО) және Алик Айдарбаев (ККО) жергілікті қамтуды дамыту және қазақстандық өндірушілермен ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі бастамаларды бөлісті. Іс-шараға сондай-ақ мемлекеттік органдардың, салалық қауымдастықтар мен БАҚ өкілдері қатысты.

«Ашық есік күні» барысында өндірушілерге операторлар сатып алатын тауарлардың толық тізімі мен техникалық сипаттамалары енгізілген электронды каталогтар ұсынылды. Бұл қатысушыларға нарықтың өзекті қажеттіліктерімен танысуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, қазақстандық компаниялар оператор өкілдерімен жеке кездесу өткізіп, жеткізуші ретінде тіркелу рәсімінің ерекшеліктерін талқылады. Форуммен қатар отандық өндірушілердің көрмесі ұйымдастырылып, онда қазақстандық кәсіпорындар өнімдерін операторлар мен IMBC өкілдеріне таныстырды.

Бағдарлама шеңберінде операторлар мен IMBC өкілдері Ақтаудағы отандық кәсіпорындарды аралап, олардың өндірістік қуатымен және технологиялық үдерістерімен танысты. Бұл сапарлар мұнай-газ саласында қолданылатын өнімдерді жергіліктендіру перспективаларын талқылауға серпін берді.

Форумның белсенді қатысушыларының бірі – Солтүстік Каспий жобасының операторы болды. Айта кету керек, NCOC мұнай-газ машина жасау бастамаларын ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығы өндірушілерін де белсенді қолдайды. Атап айтқанда, жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алу көлемін ұлғайту, жаңа жұмыс орындарын ашу және ауыл шаруашылығы өндірушілерінің табысын арттыруды көздейтін арнайы бағдарлама әзірленген. Бастама агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына және өңірлердің тұрақты әлеуметтік-экономикалық өсуіне ықпал етеді.
Форум жергіліктендіру, ішкі құндылық тізбегін дамыту және қазақстандық өндірушілерді қолдау мәселелерін талқылауға арналған маңызды алаңға айналды.