
Астанада құрақшы-блогер Аселина Батыр мен кондитер Нұршат Ақбергенова арасындағы дау бойынша азаматтық іс қаралып жатыр.
Сотқа кондитердің өзі қатысып жатыр.
Азаматтық талап арызда моральдық шығын ретінде 3 млн теңге және торттың қалған сомасы 500 мың теңге өндіріп алғысы келетіні көрсетілген.
Нұршат Ақбергенова сотта өзінің кондитерлік салада 13 жылдық тәжірибесі бар екенін айтты.
«Еңбегімді жоққа шығарғысы келеді»
Ақбергенова болып жатқан жағдайдың бәрін өз еңбегін жоққа шығарып, еңбекті бағаламау деп санайтынын айтты.
«Бұл әділ емес. Себебі менен талап етілген талаптың бәрін орындадым, сапаға да, сыртқы келбетіне де, дәміне қатысты да ешқандай шағым болған жоқ. Соған қарамастан мені әлеуметтік желіде орынсыз жаман жағымнан көрсетуге тырысып жатыр. Мұны әділетсіз деп есептеймін. Кез келген еңбек бағалануы керек», – деді кондитер сотта.
Айтуынша, тортты апарған күннен кейін тапсырыс беруші құрақшымен бірнеше күн бойы байланысуға тырысқан. «Бағаға қатысты өз ұсынысыңызды айтыңыз» деп те жазған. Ал Аселина Батыр орнына жарнама жасап беруді ұсынған.
«Аселинаның жарнамасы мың доллар тұрады. Ал менің еңбегім, бір апта бойы дайындалған торт ол ақшаға тұрмай ма? Алғашында тапсырыс беруші маған өзі дауыстық хабарламалар жіберіп отырды. Торттың құнын айтқан сәттен бастап ол менің хабарламамды оқымай қойды, тек шара аяқталған соң оқыды. Одан кейін менімен басқа адам байланысқа шықты», – дейді Ақбергенова.
Кондитер бұл әрекетті әдепсіздік деп бағалаған.
«Ақысын төлемей кетеді деп ойламадым»
Кондитердің сөзінше, Батыр бастапқыда үш қабатты торт сұрағанын, кейін төрт қабатты қылып өзгертуін сұраған.
«Тапсырыс берген сәтте торттың нақты қанша тұратынын бірден айта алмадым. Мұндай торттың ең төменгі бағасы шамамен 400 мың теңге болады. Бірақ тапсырыс берушінің қалауы бірнеше рет өзгерді: бастапқыда тек салмасы бар торт керек деді, кейін ол торттың үстіне құрақ түрінде безендіру қосуды қалады.
Ақысын төлемей кетеді деп ойламадым, өйткені менің тәжірибемде мұндай жағдай болған емес. Әдетте одан да қымбат торттар пісіремін. Екі тараптан да қателік кеткен сияқты: ол өз бюджеті туралы ештеңе айтпады, тек не қалайтынын ғана жеткізді. Ал мен бағасын нақтылап сұрамадым, себебі сенім болды. Оған толық сендім», – дейді кондитер.
Сөзінше, қарапайым торт құны 35 мың теңгеден басталады. Бір килограмының бағасы 7 мың теңгеден жоғары тұрады. Баға торт салмасына, пайдаланылған өнім, безендірілуіне және дайындалған уақытына байланысты өзгереді.
«Көрпеше» түріндегі тортты алайық: алдымен оның бөлшектерін пісіру керек, содан кейін қатырып, формасын бекіту қажет. Содан соң оған арнайы пішін беріледі. Осылайша форма қалыптастырылып, торт қайтадан мұздатылады, себебі кәдімгі торт жылы жерде еріп кетуі мүмкін», – дейді ол.
Бұған дейін блогер Аселина Батырдың өкілі 600 мың теңгенің тортына қатысты істі жабық өткізуді сұрады.
Құрақ көрпе тігуші кәсіпкер, блогер Аселина Батыр мен кондитер Нұршат Ақбергенова арасындағы даудың басталғанына біраз болды. Аселина 6 қабаттан тұратын торттың бағасын 300 мың теңгеге бағалаған. Кондитер толық ақысын яғни 600 мың теңгені төлеуді талап еткен.