Жаңалықтар

Үстіртте қайтыс болған сарбаздың туыстары: «10 минутта өліп кетуі мүмкін емес»

Үстірт шекара қызметінде сарбаз Еркебұлан Сағындық қаза тапты/фото: shutterstock

Маңғыстау облысындағы Үстірт шекара қызметінде қайтыс болған сарбаз Еркебұлан Сағындықтың туыстары оның жазатайым оқиғадан қайтыс болғанына сенбейді, деп хабарлайды KursivMedia.

Марқұмның туыстары мен таныстары оның кейінгі кезде қиналып жүргенін, өзі борышын өтеп жүрген бөлімнен ауысқысы келгенін жеткізді.

«Өмірге құштар еді…»

Еркебұлан Сағындық әскерге 19 жасында кеткен. Сол жақта жүріп 20-ға толған. Бастапқыда үш ай Алматыда дайындықтан өткен. Содан кейін Маңғыстау облысы Қарақия ауданы Үстірт заставасында болған.

Отбасында үш ағайынды, Еркебұлан – үйінің кенжесі.

«Анасының еркесі, үміті еді. Еркебұлан спортпен шұғылданған, ашық-жарқын, арман-мақсаты айқын жігіт еді. Отбасылы боламын деп жүрді. Өмірге құштар еді», – деп еске алды KursivMedia тілшісімен сөйлескен марқұмның Ажар есімді жеңгесі.

Қайғылы жағдай

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі сарбаздың қайтыс болғанын 2025 жылдың 8 қазанында жеткізді.

Ресми ақпарат бойынша, Еркебұлан Сағындық техникалық жұмыстар кезінде қауіпсіздік шараларын сақтамау салдарынан 7 қазанда қаза тапқан. ҰҚК мұны жазатайым жағдай деп атады.

Ал марқұмның отбасына оның бензин иісінен уланып қайтыс болғанын айтқан. Туыстарының сөзінше, Еркебұланға сол күні мотор жуу тапсырылған.

Отбасы ұсынған видеоға сәйкес, 6 қазан сағат 21:40 шамасында Еркебұланды бірнеше ер адам көтеріп ғимаратқа әкелген. Ал тікүшаұпен арнайы борт 7 қазан 02:50 шамасында келген.

«Анасына таңғы төртте хабарлады»

«Борышын өтеп жүрген жерінде адам түгіл, мал да тұра алмайды. Не өсіп тұрған ағаш жоқ, 3-4 күн су келмеген. Адам сусыз бір күн де өмір сүре алмайды. Соған қарамай жаттығу жасайды. Сол кезде сөйлесіп жүрген қызына «Су жоқ, қатты қиналып отырмыз. Бір-біріміздің сідігімізді ішуге дайын отырмыз» деп айтқан екен. Ал достарына Маңғыстаудан барған жігіттермен көп ерегесіп жүргенін айтыпты», – дейді марқұмның туысы.

Ал анасымен соңғы әңгімесінде «мені басқа заставаға ауыстыруға мүмкіндік бар ма?» деп сұраған.

«Бала 10 минуттың ішінде уланып өліп кетуі мүмкін емес. Ол жақта дәрігер де жоқ. Бізге сағат 9-10 кезінде жүріп кетті деп айтты. Анасына таңғы 4-те хабарлаған. Бұл жағдай кешкі 9-да болса, бір сағаттың ішінде анасына жеткізуге мүмкіндік бар емес пе? Бұл жерде шикілік бар», – дейді марқұмның жеңгесі.

Еркебұлан Сағындықтың әскерге барғанына 7 ай болған. Достарына «нашар жерге түсіп қалдым, енді бес ай шыдасам, қайтамын» деп айтқан.