Джефф Хоффман: Z ұрпақ әлеуметтік жауапкершілігі бар компанияларды таңдайды

Priceline.com / Booking.com және uBid.com компанияларының негізін қалаушы, инвестор Джефф Хоффманның пайымдауынша, қазіргі жастар – Z ұрпақ әлеуметтік жауапкершілігі бар компанияларды таңдайды. Бұл туралы ол New Vision Forum 2025 барысында айтты.
Джефф Хоффман Z ұрпақтың тұтынушылық мінез-құлқы түбегейлі өзгеріп жатыр деп тұжырымдайды. Оның сөзінше, жаңа буын үшін компанияның әлеуметтік жауапкершілігі мен құндылықтары баға факторынан да маңыздырақ болып отыр.
Хоффманның айтуынша, жастар өз ақшасын қоғамға пайда әкелетін, жақсы істермен айналысатын компанияларға жұмсауға бейім.
«Егер олар сіздің компанияңыз адамдарға көмектесіп, пайдалы іс жасап жүргенін көрсе, сіздің өніміңізді таңдайды, тіпті ол қымбат болса да», – деді кәсіпкер.
Мысал ретінде ол америкалық Patagonia компаниясын келтірді. Компания тек ағаш отырғызатын серіктестермен жұмыс істеу туралы шешім қабылдап, кейбір жеткізушілермен келісімшартын үзген. Соның салдарынан өнім бағасы өскенмен, сатылым керісінше соңғы бес жылдағы ең жоғары деңгейге жеткен.
«Z ұрпақ «мен бұл күртеге көбірек төлеймін, бірақ ақшам орман қорғауға жұмсалатынын білемін» деді. Бұл – әлеуметтік жауапкершілікке деген жаңа көзқарастың айқын дәлелі», – деп атап өтті Хоффман.
Оның пікірінше, болашақта әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарын елемейтін компаниялар нарықта бәсекеге қабілетін жоғалтады.
New Vision 2025 форумы аясында капиталы 40 млн доллар болатын креативті индустрия қоры құрылатыны белгілі болды.