Жаңалықтар

Қанат Көпбаев: Жасанды интеллект арқылы біз болашақты болжаймыз

Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Kusto Group тең құрылтайшысы, директорлар кеңесінің мүшесі Қанат Көпбаевтың пайымдауынша, қазіргі уақыттың басты мегатренді – «жасыл» экономика мен жасанды интеллекттің дамуы. Ол бұл туралы New Vision форумы барысында айтты.

Копбаев жасанды интеллекттің (ЖИ) көмегімен алдағы 10–20 жылға ауа райын және егін өнімділігін болжауға болатынын айтып өтті.

«Қазақстан өңірде суперкомпьютерлері бар жалғыз мемлекет. Бұл компьютердің біреуі Астанада, екіншісі «Қазақтелеком» базасында орналасқан. Бұл компьютерлер бізге не береді? Мысалы, біз ауыл шаруашылығымен айналысамыз және осы суперкомпьютердің көмегімен алдағы 10–20 жылға ауа райы мен әртүрлі дақылдың өнімділігін болжай аламыз. Бұл – мегатрендтердің әсері. ЖИ арқылы біз болашақты болжаймыз», – деді Қанат Көпбаев.

Сонымен қатар Қанат Көпбаевтың айтуынша, Қазақстанда инвесторларға және бизнес жүргізуге жақсы жағдай жасалған. Кәсіпкер 2026 жылдан қосылған құн салығы көтерілетініне қарамастан, өзге елдермен салыстырғанда, Қазақстанда кәсіп жүргізу қолайлы деп тұжырымдайды.

«Салықтың көбейетініне қарамастан, қанша жерден сынасақ та, Қазақстанда бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасалған деп білемін. Біздегі цивровизация деңгейі өте жоғары», – деді ол.

New Vision — Орталық Азиядағы ірі бизнес-форумдардың бірі. Оны YPO Kazakhstan және Nobel Fest жобасы ұйымдастырады. Алғашқы форум 2024 жылы өтіп, 30 елден 6000 қатысушыны жинаған. Ал 2025 жылы ұйымдастырушылар 100 бизнес-жоба мен 7000-нан астам қонақ келеді деп күтеді.