
Қазақстан биткойн өндіруге кететін электр энергиясы ең арзан 15 елдің қатарына кірді. NFTevening дерегінше, 75 ел арасынан Қазақстан 14-орынды иеленген.
Бір биткойнды өндіру құны елімізде шамамен 32,4 мың долларды немесе 15,2 млн теңгені құраған. 2024 жылдың соңында биткойн бағасы 92,2 мың доллар болғанын ескерсек, майнинг Қазақстанда айтарлықтай рентабельді: энергия шығыны жалпы құнның тек 35%-ын құраған.
Аймақ бойынша көршілеріміздің жағдайы бұдан да тиімді. Қырғызстанда бір биткойнды өндіру үшін бар болғаны 8,6 мың доллар қажет, ал Өзбекстанда — 15,2 мың доллар. Ал Ресейде бұл көрсеткіш 39,7 мың долларға жеткен.
Ең арзан майнинг — Иранда: небәрі 1,3 мың доллар. Ал Еуропада бұл бизнес тиімсіз: мысалы, Ирландияда бір биткойнды өндіру 321 мың долларға түседі.
Кембридж университетінің зерттеуіне сәйкес, соңғы екі жылда әлем бойынша майнинг шығындары рекордтық деңгейге жеткен — бір биткойнның орташа өзіндік құны 48,1 мың доллар.
Қазақстанда электр энергиясы салыстырмалы түрде арзан болғанымен, салық пен реттеу саласындағы өзгерістер майнерлерге қысым түсірді. Соған қарамастан, заңды жұмыс істейтін компаниялар саны артып келеді: 2025 жылы майнингпен айналысатын ресми ұйымдар 38-ге жетті.
Экономистердің пікірінше, криптоиндустрияны дамыту үшін энергетикалық саясат пен салық жүйесін теңгерімді ұстау қажет. Әйтпесе, арзан электрдің өзі майнерлерді елде ұстап тұра алмайды.