Баян Алагөзованың қызы әкесімен қарым-қатынасы туралы айтты

Жарияланды 10 Қазан 2025 15:54

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Айсәуле Бақытбек әкесімен қарым-қатынасы туралы айттыФото: youtube.com/@Beisekeyev

Продюсер және актриса Баян Алагөзованың үлкен қызы Айсәуле Бақытбек Қанат Бейсекеевтің «Замандас» подкасының жаңа қонағы болды. Подкаст барысында алғаш рет әкесі Бақытбек Есентаевпен бүгінгі қарым-қатынасы туралы ашық айтты.

Айсәуле бұл тақырып өзіне әлі де ауыр тиетінін және қоғам тарапынан түсінбеушілік туғызатынын жасырмады:

«Адамдарға мұны қалай дұрыс жеткізерімді білмеймін. «Мен әкеммен араласам» десең, бірден: «демек, сен анаңа қарсысың, оны өлтірмек болған адамды қолдайсың» дейді. Әрине, бұл олай емес», – деді Айсәуле.

Оның сөзінше, әкесімен байланыс орнатуы өткенді ақтау емес, адамдық қарым-қатынасты сақтау әрекеті.

«Бірақ, мен оның немерелерімен араласуына тыйым салуым керек деген сөз емес қой. Құдайға шүкір, өмір тоқтаған жоқ. Мен онымен араласам, сөйлесем», — деді Айсәуле.

Еске сала кетейік, 2016 жылы қоғамды дүр сілкіндірген оқиға орын алған еді. Сол кезде Баян Алагөзованың күйеуі Бақытбек Есентаев мас күйінде оған пышақпен шабуыл жасаған. Продюсер ауыр жарақат алып, ауруханаға түсті. Кейін сот Есентаевты кісі өлтіруге оқталды деп танып, 9 жылға бас бостандығынан айырған болатын.

Алты жыл өткен соң, 2022 жылы Қапшағай қалалық соты оның шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырды.

Сондай-ақ оқыңыз