
2025 жылғы Нобельдің бейбітшілік сыйлығын Венесуэла оппозициясының жетекшісі Мария Корина Мачадо иеленді. Бұл туралы Нобель комитеті хабарлады. Мачадо сыйлықты өз елінде демократиялық құқықтарды қорғау және диктатурадан демократияға бейбіт жолмен өтуді қамтамасыз ету жолындағы қажырлы еңбегі үшін алды.
«Мария Корина Мачадо Венесуэла халқының демократиялық құқықтарын қорғауда табандылық танытып, әділ әрі бейбіт саяси өзгерістер үшін күрес жүргізді», — делінген Нобель комитетінің мәлімдемесінде.
Трамп алғысы келген сыйлық
АҚШ президенті Дональд Трамп бұл сыйлықтан үмітті екенін бірнеше рет атап өткен болатын.
«Маған Нобель бейбітшілік сыйлығын ешқашан бермейді. Мен оған лайықпын, бірақ бәрібір бермейді», — деген еді.
30 қыркүйекте америкалық генералдар алдында сөйлеген Трамп, егер сыйлықты басқа біреу алса, оны «АҚШ-қа жасалған үлкен қорлық» деп атады.
Алайда Нобель комитеті Трамптың әрекеттерін бағалауда бейтарап көзқарас ұстанғанын айтты. Комитет өкілі:
«Біз шешім қабылдағанда Альфред Нобельдің өсиетіне сүйенеміз, ал үміткердің қоғамдық белсенділігі немесе пиар-науқаны есепке алынбайды», — деді.
Неліктен Трамп сыйлық ала алмады
Соңғы жетістігі Израиль мен ХАМАС арасындағы атысты тоқтату және тұтқындарды қайтару келісімі Трамптың үлкен жетістігі саналғанымен, сарапшылар бұл оқиғаның комитет шешімінен кейін болғанын еске салды.
Нобель комитетінің мүшесі Кристиан Берг Харпвикен бұл сыйлық 2024 жылы және оған дейін атқарылған істер үшін берілетінін айтты:
«Бұл марапат соңғы аптадағы немесе айдағы әрекеттер үшін емес, бұрынғы жылдардағы еңбектерге беріледі», — деді норвегиялық NRK телеарнасына.
Ослодағы Бейбітшілік зерттеу институтының директоры Нина Грегер Трамптың кейбір саяси шешімдері Нобельдің өсиетіне қайшы келетінін атап өтті. Оның айтуынша, АҚШ-тың Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан және Париж климат келісімінен шығуы, сондай-ақ сауда соғыстарын бастау әрекеттері бейбіт бастамаларға жатпайды.
«Нобель өсиетінде үш негізгі бағыт көрсетілген: бейбіт келісімдер жасауға үлес қосу, қарусыздануға жәрдемдесу және халықаралық ынтымақтастықты дамыту», — деді ол.
Бұрынғы лауреаттар
Бұған дейін Нобельдің бейбітшілік сыйлығын төрт америкалық президент алған:
Теодор Рузвельт (1906), Вудро Вильсон (1919), Джимми Картер (2002) және Барак Обама (2009)
2025 жылғы сыйлыққа барлығы 338 кандидат ұсынылған: олардың 244-і жеке тұлға, 94-і ұйым. Бұл өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай көп.
Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығын Швеция емес, Норвегияның Нобель комитеті тағайындайды. Үміткерлердің еңбегі үш негізгі өлшем бойынша бағаланады:
- Қарулы қақтығыстарды азайтуға қосқан үлесі;
- Бейбіт келіссөздерді қолдау;
- Халықтар арасындағы ынтымақтастық пен бауырластықты нығайту.
120 жылдан астам тарихында бұл сыйлық тек саясаткерлерге емес, адам құқықтарын қорғаушыларға, ұйымдарға және бейбіт қоғам құруға үлес қосқан тұлғаларға да беріліп келеді.