
Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин Тәжікстан астанасы Душанбеде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесу барысында екі ел арасындағы достық пен стратегиялық серіктестіктің маңызын ерекше атап өтті. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
«12 қарашада Сіздің шақыруыңызбен Ресейге ресми сапармен барамын. Біз бұл оқиғаның маңызы зор деп санаймыз. Бұл сапар екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастықты жаңа деңгейге көтеруге серпін береді деп сенеміз. Қазақстан мен Ресей мәңгілік одақтастық пен достыққа бағытталған елдер. Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 28 миллиард долларға жетті. Ресей Қазақстан экономикасына негізгі инвесторлардың бірі саналады. Жалпы алғанда, ресейлік бизнес біздің экономикаға 26 миллиард доллардан астам инвестиция құйды, оның ішінде өткен жылы 4 миллиард доллардан астам қаражат тартылды. Қазірдің өзінде 22 миллиард долларды құрайтын 114 жоба жүзеге асырылды, бұл жұмыс әрі қарай да жалғасады», – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Владимир Путин Қазақстанмен қарым-қатынасты ерекше бағалайтынын жеткізді:
«Біз Қазақстанмен қарым-қатынасты жоғары бағалаймыз. Біздің елдерімізді ерекше байланыстар біріктіреді. Бұл тек Сізбен арадағы достық пен жылы қатынастарымыздың арқасында ғана емес, сондай-ақ Қазақстан мен Ресейдің посткеңестік кеңістіктегі интеграциялық үдерістердің бастамашыларының бірі болғанының арқасында да мүмкін болып отыр. Бізде үнемі назар аударуды қажет ететін көптеген екіжақты мәселелер бар. Ресей-Қазақстан ынтымақтастығын дамытуға қосқан үлесіңіз үшін Сізге алғыс айтамын. Бүгінгі кездесу де екі ел арасындағы байланысты нығайта түсетініне сенемін», – деді Ресей Президенті.
Кездесуде мемлекет басшылары сауда-экономикалық серіктестік, инвестициялық жобалар және өңірлік интеграцияны одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.