
Казахстандық теннисші Елена Рыбакина Ухань қаласында өтіп жатқан WTA-1000 Wuhan Open 2025 турнирінің ширек финалында әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенкоға есе жіберді.
Бұл жеңіс арқылы Соболенко Ухандағы қатарынан 20-шы жеңісіне қол жеткізді. Осылайша дат теннисшісі Каролин Возняцкидің рекордын қайталады. Возняцки 2008–2011 жылдары Нью-Хэйвен турнирінде 20 матч қатарынан жеңіп, төрт бірдей титул иеленген болатын.
Арина Соболенко Уханьдағы турнирге төртінші рет қатысып отыр. Бұған дейін 2018, 2019 және 2024 жылдары чемпион атанған еді. Ал биылғы маусымда белорус теннисшісі тағы да өзінің үстем ойын үлгісін көрсетті.
Елена Рыбакина бұған дейін хард кортта Соболенконы бес рет жеңіп, қарсыласын жиі тоқтатқан еді. Бірақ бұл жолы Уханьда белорус спортшысы мүлде басым болды. Рыбакина кей сәттерде қарқынын арттырғанымен, тұрақсыз ойын оған жеңіске жеткізбеді. Матч небәрі 1 сағат 25 минутқа созылды.
Енді Соболенко жартылай финалда америкалық Джессика Пегуламен (WTA рейтингінде 6-орында) кездеседі. Егер ол осы матчта да жеңіске жетсе, онда жаңа ғасырда бір турнирде 21 матч қатарынан жеңген алғашқы теннисші атанбақ.