2,8 млн теңге айлықты қандай мамандық иелері алады

2,8 млн теңге айлықты қандай мамандық иелері алатыны белгілі болды. Бұл коммерциялық әуе лайнерінің ұшқышына тиесілі екен.
Қазақстанда одан кейін IT-сектордағы техникалық директоры 1,4 млн теңге жалақы алса, құрылыс саласындағы бөлім басшысының жалақысы бұдан сәл ғана аз. Олар ай сайын 1,2 млн теңге алады.
Қыркүйек айында бас құрылысшы қызметінде 705 мың теңге айлық ұсынылған. Шахта оқпандарын бұрғылау қондырғысының машинисі 700 мың теңге, өндіруші өнеркәсіптегі учаске бастығының орынбасары 681 мың теңге жалақы алады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ақпаратына қарағанда, қыркүйекте «Enbek.kz» электрондық еңбек биржасында 138,2 мың бос жұмыс орны болған. Жұмыс іздеген адамдардың саны 130,6 мыңға жеткен. Бұл – жарияланған түйіндемелердің көрсеткіші.
Тамыз айымен салыстырғанда сұраныс 42,4%-ға, яғни 101,6 мың адамға қысқарса, ұсыныс тек 5,7%-ға, яғни 7,9 мыңға төмендеді. Әр екінші бос жұмыс орны жұмысшы мамандарға арналыпты.
Ең белсенді саланың бірі білім саласы болып шықты. Онда 55 мыңнан астам бос жұмыс орны тіркелді. Бұл – барлық бос орындардың 40%.
Астана 11,4 мың бос жұмыс орны бар екен. Алматыдағы көрсеткіш 10,2 мың болып отыр. Павлодар облысында да 9,4 мың бос жұмыс орны бар болып шықты. Осы облыстарда жұмыс берушілерден көп сұраныс байқалды. Түркістан облысында – 15,7 мың, Шымкент қаласында – 9 мың, Қызылорда облысында 8,5 мың түйіндеме жарияланған. Бұл – осы өңірлерде жұмыс іздеушілердің қарасы көп деген сөз.
Сондай-ақ, Қазақстанда медиандық жалақы 317 512 теңгеге жетіп отыр.