Қазақстан төлқұжаты жаңа дизайнда әзірленіп жатыр

Қазақстан төлқұжаты жаңа дизайнда шығады. Өзгертуге Ұлттық банктің дизайнерлері мен Банкнот фабрикасының мамандары тартылған.
Бұл жұмыстар биыл ақпан айында басталыпты. Atameken business ақпаратына қарағанда, мұны Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мәлімдеген.
Жаңа төлқұжат минималистік стильде әзірленбек. Визалық беттерінде фондық суреттер пайда болады. Және жаңа қорғау элементтері енгізіледі.
Ерлан Қариннің сөзіне қарағанда, төлқұжаттың тұжырымдамалық жобасы дайын тұр. Келесі кезеңде сынақ үлгісі әзірленбек.
Дейтұрғанмен, қолданыстағы төлқұжат қолданыстан алынбайды. Мерзімі аяқталғанша, жарамды болып қала береді. Жарамдылық мерзімі аяқталса, бүлінсе немесе азаматтардың өзі ауыстыруды қаласа ғана, дизайны жаңартылған төлқұжат ала алады. Алайда, төлқұжат үшін төленетін ақша көлемі өзгеріссіз қала бермек.
Айта кететін жайт, қазіргі төлқұжат үлгісі 17 жылдан бері қолданылып келеді.
Мұның алдында шетелге шығу төлқұжатын қалай және қанша теңгеге рәсімдеуге болатыны туралы жазған едік.