
7-20-25 бағдарламасындағы лимитті көтергеннен кейін, оған қатысушылар саны азаюы мүмкін. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов айтты.
«Біз бағдарламаның жалпы көлемін өзгертпейміз. Бізде жоспарланғандай әр жылға 100 млрд теңге болған, солай қала береді», – деді ол. Тілшінің «сонда бағдарламаға қатысып, несие алатындар саны азая ма деген сұрағына:
«Иә, солай болып тұр. Несие алатындар азаяды. Бір несиеге шаққанда кредит қымбат болады», – деп түсіндірді төраға.
Еске салайық, Ұлттық банк 9 қазанда «7-20-25» бағдарламасының шарттарын өзгертті. Енді Қазақстанның ірі қалаларында 30 млн теңгеге дейін ипотека алуға болады.
Үй қымбаттауы мүмкін бе?
Журналистер сондай-ақ базалық мөлшерлеме 16,5%-дан 18%-ға көтерілуі тұрғын үй бағасына қалай әсер ететінін де сұрады.
«Мұнда тікелей әсер жоқ. Базалық мөлшерлеменің басты мақсаты – инфляцияны және оның құрамдас бөліктерін, соның ішінде бір шаршы метрдің құнын төмендету. Сондықтан жалпы баға деңгейі төмендеген сайын тұрғын үй бағасы да тұрақтанады деп үміттенеміз. Әрине, базалық мөлшерлеме – бұл тек бір құрал ғана. Тұрғын үй нарығына сұраныс пен ұсынысқа байланысты көптеген өзге факторлар әсер етеді», – деді ол.
Сүлейменовтың айтуынша, тұрғын үй нарығына құрылыс жұмыстары мен материалдардың құны, ал халық жағынан жалақы деңгейі мен тұрғын үйге инвестиция салу мүмкіндігі әсер етеді.
Еске салайық, бүгін Ұлттық банк базалық мөлшерлемеге қатысты шешім шығарып, оны 18%-ға дейін көтерді.