Жаңалықтар

Алматы метросында ақы төлеу жеңілдейді

Алматы метросында
Фото: shutterstock; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Алматы метрополитенінде турникеттерді жаңарту жұмыстары басталды. Енді жолаушылар жолақыны тікелей кіреберісте – Apple Pay, Google Pay немесе Samsung Pay сервисі бар банк картасы не смартфонмен төлей алады.

Бұған дейін банк картасымен касса арқылы немесе арнайы бір турникет арқылы ғана төлеуге болатын. Енді барлық бекеттегі турникеттер байланыссыз төлем жүйесімен жабдықталады.

«Бұл жаңашылдық көлік картасын қолданбайтын немесе жетон сатып алуға уақыт жоғалтқысы келмейтіндер үшін өте қолайлы. Енді кезекте тұрудың қажеті жоқ – тек картаңыз немесе смартфоныңыз болса жеткілікті», – деп жазылған метрополитен сайтында.

Осыған дейін Алматы метросы жолаушылар тасымалы бойынша рекорд орнатқанын жазған едік. 2 қыркүйекте метро ашылғаннан жабылғанға дейінгі аралықта 117 мың жолаушы тасымалданды.