Жаңалықтар

Иран президенті ел астанасын Тегераннан өзгертуді ұсынды

Иран астанасы Тегеран / Фото: ашық дереккөзден

Иран президенті Масуд Пезешкиан ел астанасын Тегераннан Парсы шығанағы жағалауына көшіруді ұсынды деп жазады EFE агенттігі.

«Бүгінде бізде басқа амал жоқ, мұны істеуіміз керек. Тегеранда өмір сүру барған сайын қиындап барады», – деді ол.

Президент астананы көшірудің негізгі себептері ретінде ауаның қатты ластануын, топырақтың жарамсыздығын, су тапшылығын және көлік қозғалысының шамадан тыс көптігін атады. EFE агенттігінің хабарлауынша, Пезешкиан бұл мәселені Ислам Республикасының рухани жетекшісі аятолла Хаменеймен де талқылаған.

Президент жаңа астана ретінде Парсы шығанағы жағалауындағы Бендер-Аббас өңірін айтқан. Оның пікірінше, жаңа астана дәл осы өңірде орналасуы тиіс, өйткені теңіз жолдарына тікелей шығу елдің сауда және экономикалық дамуына серпін береді.

Үкімет өкілі Фатемех Мохеджерани жаңа астана ретінде Макран аймағының (Систан мен Белуджистан провинциясы, Оман шығанағы жағалауы) да қарастырылып жатқанын айтты.

Айта кетейік, Тегеран 1786 жылдан бері Иранның астанасы болып келеді. Қазір қалада 12 миллионнан астам адам тұрады, кей деректер бойынша тұрғындар саны 18 миллионға дейін жетеді.