Шәкәрім Құдайбердіұлы – Ленин мен революцияның қолдаушысы

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
Фото: коллаж Kursiv Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

1980 жылдары кеңес үкіметіндегі жылымықтың лебі Қазақстанға да келеді. Алашордашылар, зиялы қауымды ақтау басталады. Тізіміге ең алғашқы болып енген – ақын, жазушы, философ Шәкәрім Құдайбердіұлы еді. 1987 жылы оның мұрасын қарау жөніндегі комиссия құрылады. Журналист Асылхан Мамашұлы «Қилы кезең» атты он сериядан тұратын туындысында сол комиссия жұмысы жайлы түсіндіреді.

Елге келген жылымық

1987 жылы желтоқсан соңында Қазақстанда Шәкәрім мұрасын қарау жөнінді комиссия құрылып, құрамын Колбин бекітеді. Төрағасы академик Жабайхан Әбділдин болады. Одан бөлек тізімге Манаш Қозыбаев, Мүслім Базарбаев, Сапар Байжанов, Әнуар Әлімжанов, Зәки Ахметов, Рахманқұл Бердібаев, Шәмшия-Бану Сәтпаева, Серік Қирабаев, Салық Зиманов, Мұхамеджан Қаратаев, Рәбиға Сыздықова, Әбділда Тәжібаев, Әди Шәріпов, Әбіш Кекілбаев, Әбдуәли Қайдаров, Қысмет Кеңеспаев сынды ғалымдар мен жазушылар комссияға кіреді.

Комиссия жұмысы бір жылға созылып, 1988 жылы Шәкәрім Құдайбердіұлының творчествалық мұрасын зерттеу жөнінде комиссия шешімі шығады. Ақынымыз ақталды деп Алтайдан Атырауға дейінгі ұлан-ғасыр қазақ елі сүйінші сұрап шаттанды. Ақталғаны рас, бірақ комиссия философтың мұрасы жайлы ерекше байлам шығарады.

Орыстан үлгі алуға шақырған Шәкәрім

«Ақын творчествосын ой көзімен зерделей қарағанда орыстың озық мәдениетіне деген қалтқысыз сүйіспеншілігін, өз халқын орыстардан үлгі алуға бар ынта-ықыласымен шақырғанын көрмеу мүмкін емес. Шәкәрім қазақ халқын ұлы орыс мәдениетіне жақындатуға кірісті. Шәкәрім өзінің революцияға арнаған өлеңіне тұп-тура «Бостандық таңы атты» деген тақырып қойды», – деп жазылған комиссия талдауында.

Олардың пікірінше, Шәкәрім Құдайбердіұлы кеңес үкіметін қатты жақсы көрген, сүйген. Сталин мен Ленин бастаған октябрь революциясын айрықша қолдаған.

«Буржуазияшыл ұлтшылдар, Шәкәрімді «Алашорда» ісіне тартуға барынша күш салып бақты. 1918 жылы Семей қаласындағы алашордашыл облыстық сот құрамына сырттай қосып қойды. Бірақ ақын көп ұзамай буржуазияшыл ұлтшылдардан біржола шылбыр үзісіп, туған жеріне кетті», – дейді комиссия өкілдері.

Журналист Асылхан Мамашұлының сөзінше, олар осылай жазуға мәжбүр болған.

«Бұл сол кездегі заман талабына сай қорытынды еді. Басқаша айтып Шәкәрімді ақтау мүмкін емес», – деп түсіндіреді ол

Ақынды ақтауға сол кездегі қауіпсіздік комитеті қарсы болып, Шәкәрімді контреволюционер деп атайды. Бірақ Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Колбин өзі бекіткен комиссия шешімін қолдайды.

Журналист Асылхан Мамашұлының «Қилы кезең» атты еңбегі он сериядан тұрады, оның төрт сериясы жарыққа шығарды. Алғашқы бөлімдерінде кеңес үкіметіндегі ішімдікпен күрес науқаны, Қонаевтың қызметтен кетуі жайлы кеңінен тарқатады.

Сондай-ақ оқыңыз