
ЕТРТ бойынша талапты көтеру нарыққа оң әсер етті. Қазанның басында нарықтағы 2,2 трлн теңге қаржы алынды. Бұл туралы Тимур Сүлейменов айтты.
«Біз өте жақсы әсерін байқадық. ЕТРТ бойынша талапты енгізетін кезде бізде 7 трлн теңге көлемінде артық өтімділік болса, осы айдың басында ол 5 трлн-ға дейін төмендеді. Осы арқылы біз ЕТРТ бойынша талапты енгізу арқылы жүйедегі артық өтімділік 2-2,2 трлн теңгеге азайды. Банктерге ыңғайсыздық тудырмас үшін оны кезең-кезеңімен енгіземіз деп келіскен еді. Толығымен енгізгенде 3,7 трлн артық өтімділік аламыз деген жоспар бар. Нәтижесін көрдік, ол – жақсы», – деп түсіндірді Ұлттық банк төрағасы.
Ең төменгі резервтік талаптарды (ЕТРТ) – ақша-несие саясатындағы негізгі құралдардың бірі. Бұл талап бойынша, банк елдің орталық банкінде жоғары өтімді актив түрінде міндеттемелерінің ең минималды үлесін сақтауы керек. МРТ көлемі ТМД елдерінде 4-4,5% түрінде, ал Қазақстанда оның көлемі әлдеқайда төмен (2%,1%,0%).
11 тамыздан бастап теңгедегі міндеттемелер бойынша ЕТРТ – 3,5% және 5%, валюталық міндеттемелер бойынша – 10% және 15% деп белгіленді. Ұлттық банк мұны инфляциямен күрес үшін енгізгенін мәлімдеген.
Осы арқылы нарықтағы 3 трлн теңге артық қаржыны аламыз деп жоспарлаған еді.