
Осы аптада Питер Фостердің «Эйр Астана» бас атқарушы директоры қызметінен кететіні мәлім болды. Бұл уақытта әуе компаниясындағы аса ірі көлемдегі ұрлыққа қатысты іс сотта қаралып жатыр. Топ-менеджердің басшылықтан кетуінің миллиард теңге төңірегіндегі жанжалға қатысы бар ма? Kursiv.Media осы сауалға жауап іздеп көрді.
Миллиард ұрланған ба?
«Эйр Астана» әуе компаниясын ұзақ жылдар бойы басқарып келе жатқан Питер Фостердің басшы қызметінен кетіп жатқаны 8 қазанда жарияланды. Оның орнына түрік азаматы Ибрагим Жанлыел келеді. Компаниядағы ауыс-түйіс жарты жыл бұрын жарияланып отыр.
Осы жаңалық әлеуметтік желілерде әлі талқыланып жатыр. Мәселен, журналист Михаил Козачков топ-менеджердің демалысқа шығуын әуе компаниясындағы жанжалмен байланыстырды.
«Фостер бұл қызметтен әуе компаниясында миллиард теңгеден астам қаражаттың ұрлануына қатысты жанжал кезінде кетіп жатыр», – деп жазды ол.
Козачков істі болған бірнеше адамның аты-жөнін де атады.
«Супербілікті деген Фостер 1 млрд теңгенің билетінің ұрланғанын қалай білмей қалды?» – деп сұрайды журналист.
Әуе компаниясындағы ұрлық
Расында да, Қазақстандағы әуе компаниясында ірі көлемде ақша ұрланғаны рас. Бірақ бұл қылмыс 2024 жылы «Эйр Астанада» емес, соған қарасты FlyArystan әуе компаниясында болған. Ол туралы жыл аяғында компания ресми мәлімет жариялаған.
«FlyArystan әуе компаниясының басшылығы қаражат ұрлау фактілерін анықтап, тәуелсіз тергеу жүргізу үшін аудиторлық компанияға жүгінді.
Тергеу нәтижелері бойынша ұрлық фактілері расталды, осыған байланысты әуекомпания кінәлі адамдарды анықтау және материалдық залалды өтеу үшін құқық қорғау органдарына жүгінді», – делінген 2024 жылғы 4 желтоқсандағы ресми мәліметте.
Ақша жетіспейтінін «Эрнст энд Янг» аудиторлары былтыр күзде анықтаған. Ал қылмыстық істі Қаржылық мониторинг агенттігі қарап, сотқа өткізген.
Kursiv.Media агенттіктен осы іске қатысты мәлімет сұратты. Мекеменің баспасөз қызметіндегілер «іс материалдары сотта» екенін растады, бірақ өзге ақпарат ұсына алмады. Козачковтың айтуынша, компания қызметкерлерінің үстінен аса ірі көлемде ақша ұрлау ғана емес, оны заңдастыру айыбы да тағылған.
Фостердің жанжалға қандай қатысы бар?
«Эйр Астана» әуе компаниясының баспасөз қызметі де істің сотта қаралып жатқанын растады, бірақ былтырғы ресми мәліметке қосымша ақпарат бермеді. Компания өкілі Kursiv.Media-ға Фостердің қызметтен кетуінің осы жанжалға ешқандай қатысы жоқтығын айтты. Ресми жауап: топ-менеджер зейнеткерлікке шығады.
Дегенмен Питер Фостер бас атқарушы директор қызметін тапсырғанымен, «Эйр Астанадан» кетпейтіні мәлім болып отыр.
«Питер Директорлар кеңесінің бас кеңесшісі болады, яғни оның компаниядағы ісі осымен бітпейді», – деп жазды топ-менеджердің әйелі Татьяна Фостер Instagram әлеуметтік желісіне.
«Эйр Астана» әзірге бұл ақпаратты растаған жоқ.
Питер Фостер Air Astana әуе компаниясын 20 жылдан бері басқарып келеді. Ол бас атқарушы директор қызметіне 2005 жылы тағайындалған.