Израиль үкіметі бейбіт келісімді мақұлдап, Газа секторында атыс тоқтады

Газа секторына атысты доғару туралы келісім күшіне енді. Өйткені Израиль үкіметі жұма күні таңертең ХАМАС-пен арадағы бейбіт келісімді мақұлдады. Бұл туралы Reuters хабарлайды.
Енді Израиль 24 сағаттың ішінде сектордағы әскерін шығарып, 72 сағат ішінде ХАМАС кепілде ұстап отырған тұтқындарды босатуы тиіс. Агенттік мәліметінше, кепілге алынған тұтқындардың жиырмасы әлі тірі болуы мүмкін.
Келісім күшіне енген сәттен бастап Газа секторына азық-түлік тиелген жүк көліктері мен медициналық көмек ағылады. Мұнда жүздеген мың адам аш-жалаңаш отыр. Тұрғындардың дені қолдан құрастырылған күркелерде тұрып жатыр. Олардың баспаналары жоқ. Тұтас бір қала үйіндіге айналған.
Таяу Шығыста екі жылға созылған соғыс Израильдің әлемнің көптеген елімен қарым-қатынасына сызат түсірді. Сектордағы қақтығыс бүкіл аймаққа таралған ауқымды жанжалға айналды. Оған Иран, Йемен және Ливан да қосылды.
Атыс тоқтағанымен, бейбітшілік толық орнады деуге әлі ерте. Өйткені АҚШ президенті Дональд Трамп ұсынған бейбітшілік жоспарының одан кейінгі қадамдарын әлі талқылау қажет болады. Бейбіт келісім кез келген уақытта бұзыла салуы мүмкін.
Трамп жексенбі күні Таяу Шығысқа баруы мүмкін. Бұған қоса, Құрама Штаттар 200 жауынгерді сектордағы тыныштықты сақтау үшін Газаға орналастырады.
Израиль мен Газа секторының тұрғындары соғыстың аяқталғанын бейсенбіден бері тойлап жатыр.
Таяу Шығыстағы бұл соғыс 2023 жылғы 7 қазанда басталған. Сол күні ХАМАС қарулы топтары Израильдің оңтүстігіне басып кірген.
Израиль армиясының Газа секторына шабуылдарынан 67 мыңнан астам палестиналық қаза тапты. Шамамен 193 мың ғимарат қирады немесе зақымданды. Олардың арасында жүздеген аурухана мен мектеп бар.