Банк пен қаржы

Жеке кәсіпкерлер, қандастар, жұмыссыздар 1,5 млн грант ала алады

Фото: shutterstock
Фото: shutterstock

2025 жылғы 20 қазаннан бастап Business.enbek.kz порталында жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін грант алуға өтініш қабылдау басталады. Барлығы тоғыз өңірге 270 грант бөлінді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлайды.

Грантты қайдан алуға болады?

Кәсіпкерлікті қолдауды көздейтін жоба үнемделген қаражат есебінен жүзеге асады. Министрлік грант алатын тоғыз өңірді атады. Олар: Абай, Ұлытау, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласы.

Гранттар қайтарымсыз негізде беріледі. Қаражат жаңа бизнесті бастауға, дамытуға жұмсалуы тиіс.

Гранттың мөлшері – 400 айлық есептік көрсеткіш (1 572 800 теңге). Әр қатысушы оны бір рет қана ала алады.

Грантты кімдер ала алады

Грант алу үшін бірқатар шарттарды сақтау қажет. Көмекті алуға:

  • тіркелген жұмыссыздар;
  • жеке кәсіпкерлер (тіркеу мерзімі 3 жылға дейін) үміткер бола алады.

Бұл ретте үміткер төмендегі әлеуметтік санаттардың бірінен болу керек:

  • мүгедектігі бар адамдар;
  • «қандас» мәртебесі бар адамдар;
  • өңіраралық қоныс аударушылар
  • аз қамтылған отбасы мүшелері;
  • көпбалалы отбасы мүшесі (жұбайы / зайыбы);
  • мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам (жұбайы / зайыбы);
  • асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар.

Үміткердің «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқығандығы туралы 3 жылдан аспайтын мерзімде берілген сертификаты болуы тиіс.

Грантты қажетті құрал-саймандарды, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, малдарды, жануарларды, құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды сатып алуға, орын-жайларды жалға алу ақысын төлеуге алуға болады.

Өтініш беру жолдары

Өтінім беру үшін мына әрекеттерді орындаңыз:

  • порталда тіркелу;
  • грант алу шарттарына сәйкестігіне тексеруден өту;
  • бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтыру және порталға енгізу;
  • өтініш нысанын толтыру және ЭЦҚ кілтімен қол қою.

Интернет пен компьютер жоқ болса, халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметіне жүгіне аласыз.

Гранттар тұтынушылық мақсаттарға, несие қарыздарын өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдер өндіруге берілмейді.

Шешімді кім шығарады

Гранттарды Еңбек мобильділігі орталықтары грант алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі аудандық/қалалық комиссияның шешімі негізінде береді.

Үміткерлер өз бизнес-жобасын комиссия отырыстарында таныстырады. Бұл ретте комиссияның әрбір мүшесі бизнес-жоспарды бағалайды және бағалау парағын мынадай өлшемшарттар бойынша толтырады. Олар бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі, өткізу нарықтарының пысықталуы, бизнес-жобаның қаржылық өміршеңдігі, кәсіпкерлік дағдылардың деңгейі, жаңа жұмыс орындарын құру секілді мәселелерге назар аударады.

Комиссия шешімі үміткердің Порталдағы жеке кабинетіне жіберіледі. Комиссия растаған жағдайда үміткер банк деректемелерін ұсынады, шартқа қол қояды және одан әрі тоқсан сайын қаражаттың пайдаланылуы туралы есебін береді. Мұның бәрі Еңбек мобильділігі орталықтары мен оның филиалдарына бармай-ақ, электрондық форматта жүзеге асады.