Банк пен қаржы

ҰБ төрағасы: енді несие мен депозит мөлшерлемесі де көтеріледі

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов / фото: ҰБ
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов / фото: ҰБ

Ұлттық банк (ҰБ) базалық мөлшерлемесі 18%-ға дейін өсірген соң Қазақстанда несие мен депозит мөлшерлемесі де көтеріледі. ҰБ төрағасы Тимур Сүлейменов Астанадағы брифингте осылай деп мәлімдеді.

Қазақстан бас банкінің басшысы базалық мөлшерлеме көтерілгеннен кейін қарапайым халықты не күтіп тұр деген сауалға жауап берді.

«Базалық мөлшерлеме көтерілген соң нарық та соған бейімделеді. Несие мен депозит мөлшерлемелері өзгереді. Оны нарық, соның ішінде банктер, қаржы ұйымдары анықтайды. Нарықтағы несие мөлшерлемесі өседі. Депозит мөлшерлемесі де көтеріледі», – дейді Сүлейменов.

Оның пікірінше, азаматтарға несие алу тиімсіз болады, депозиті барлар көбірек ала бастайды.

«Осының бәрі тұтыну белсендігін төмендетеді. Соған байланысты баға да төмендейді. Инфляция тұрақтайды», – деп есептейді ҰБ төрағасы.

Сүлейменов несие мен депозит мөлшерлемелері нақты қанша пайызға көтерілетінін айта алмады. Себебі оны Ұлттық банк емес, нарықтың өзі анықтауы керек.

Естеріңізге сала кетейік, 10 қазанда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18%-ға дейін көтеріп, мұндай шешімнің қабылдануын елде инфляция көрсеткішінің тым жоғарылап кетуімен түсіндірді.