
Сапалы аяқ-киімді жай зат емес, инвестиция деп қарастырған жөн. Бұл жерде киетін бәтеңкеңіз міндетті түрде қымбат болуы керек деген сөз емес, әрине. Десе де, жақсысын таңдап алсаңыз, оны бір емес, бірнеше жыл рахатыңызға киесіз. Сондықтан аяқ-киімді не тоздыратынын, оны қалай күту керегін, аларда неге мән беру қажет екенін білсеңіз артық болмайды. Ұзақ киюге шыдайтын аяқ-киімді таңдауға қатысты кеңестер жинағын дайындадық.
Сатып аларда таңдаудан мүлт кетпеңіз
Қандай затты болмасын, дұрыс таңдай білген адам ұтылмайды. Соның ішінде аяқ-киімге бей-жай қарамаған дұрыс. «Дүниенің кеңдігінен не пайда, аяқ-киімің тар болса» дегенді естіген шығарсыз. Расында, сырт көрінісі әп-әдемі көрініп тұрғанымен, қажайтын, қысатын болса қуанышыңыз ұзаққа бармайды. Демек, бірінші кезекте сатып алмас бұрын басты назар салу керек дүниелерді ескеру керек деген сөз. Көбі алатын кезде түріне қарайды да, табанының анатомиясына сай келе ме, жоқ па мән бере бермейді. Ендеше, мына ережелерді сақтау керегін естеріңізге саламыз:
• Өлшемін дұрыс таңдаңыз. Аяқ-киімнің ұшы мен башпайыңыздың арасында 5-7 мм бос кеңістік қалуы керек. Мысалы, аяқ-киім қысып тұрса, онда материалы созылғанымен, тігісі созылмайды. Сондықтан шамалы кең тұрғаны дұрыс.
• Материалына мән беріңіз. Таза былғары мен күдері уақыт өте келе аяғыңызға қарай бейімделіп кетеді. Ал жасанды материалдар болса, жыртылып, бір маусым кигеннен кейін-ақ тозығы жетеді.
• Табанына қараңыз. Игенде иіліп тұруы керек. Бірақ тым жұп-жұмсақ болмасын. Себебі жұмсақ болған сайын, ол тез отырып қалады да, шамалы кигеннен кейін табаны жұқарып шыға келеді. Ал егер қаттысын алсаңыз, ол жүргенде аяқты шаршатып жібереді.
Берер кеңесіміз: аяқ-киім алуға түстен кейін барыңыз. Әсіресе, кешке салым аяқ ісінеді. Таңертең қысып тұрмаған аяқ-киім кешке тар сияқты көрінетіні содан.
Тоздырмас үшін қалай күтіп кию керек?
Он жерден қымбат, бренд аяқ-киім алсаңыз да, киісіңіз дұрыс болмаса, тез тозып кетеді. Сондықтан аяқ-киімді демалту керек деген ережені ұстаныңыз. Ол қалай? Күнде біреуін тастамай кие бермеңіз. Абзалы, бір маусымға екеуін алып қойсаңыз, ауыстырып киесіз. Есесіне, екеуі де жақсы сақталады. Күні бойы киілген аяқ-киімнің ішінде ылғал қалады. Ол толық кебуі керек. Түнде шешіп, таң атпай тағы соны киіп алсаңыз, сол екі аралықта кеуіп үлгермейді. Былғары ылғалды қатты сіңіріп алады. Мысалы, бір күнде аяқ-киімнің ішіне 30 мл жуық ылғал жиналады екен. Ал енді оны дұрыс кептірмесе, материалға зияны тиеді.
Оған қоса:
• Аяқ-киімнің өкшесін басып шешпеңіз. Арнайы аксессуар қолданған абзал.
• Күзде күн әлі жылы болса, бәтеңке кимеңіз. Әйтпесе, аяқ ыстықтаса терлейді де, температура аяқ-киімнің желімін құртады.
• Қыста етіктің сыртына ылғалдан қорғайтын спрей сеуіп жүріңіз. Ол ылғалдан да, тұздан да қорғайды.
Лайфхак: аяқ-киімді салқын жерде емес, кәдімгі бөлме температурасында кептірген дұрыс. Ішіне қағаз тығып қойсаңыз болады.
Қымбат аяқ-киімді тез тоздыруға болады. Арзанын да күтіп кисеңіз, көпке шыдайды
Күтім жасау керек дегенде күнделікті әдет қылып қалыптасқан амалдарды жасау деп түсініңіз. Негізі қиын да емес. Тек тұрақты жасап тұрсаңыз болғаны.
Даладан келіп, аяқ-киімді шешкен бойда:
– жұмсақ щеткамен шаңын сүртіп жіберіңіз. Дымқыл сүрткішпен де сүртуге болады;
– Шкафқа салып қоймас бұрын аяқ-киімді 1-2 сағат кептіріп алған жөн.
Аптасына бір:
– материалына сай крем немесе кондиционер жағып қойыңыз;
– ұлтарағын қарап қойыңыз. Иіс шығып кетпес үшін арагідік ауыстырып тұрған дұрыс.
Маусымына бір:
– Бір маусым киіп шықсаңыз, жай ғана шкафтың түбіне сала салмай, толықтай жуып-тазалап, қорғаныш құралдарымен өңдеп, мата дорбаға салып қойыңыз. Келесі маусымда да киюге жарасын десеңіз, күтім керек. Көбі қымбат аяқ-киім алсам болды, оған күтім жасамаса болады деп ойлайды. Ал шынында неғұрлым материал қымбат болған сайын күтімді көбірек қажет етеді.
Handmade аяқ-киім алған жөн бе, әлде фабрикада тігілгенін ала берсе бола ма?
Бұл сұраққа біржақты жауап беру мүмкін емес. Себебі нарықта қазір таңдау көп. Етікшіге барып арнайы тапсырыспен тіктіре алатын жағдайыңыз болса, әлбетте құба-құп. Қолдан тігілген аяқ-киімнің бәрі бірдей сапалы ма? Көпке шыдас бере ме? Осы жағын талдап көрелік.
Қол еңбектің артықшылықтары:
• Аяқ-киімді өзіңізге құйып қойғанда қылып тігіп береді. Сантиметріне дейін өлшенеді. Майтабан, аяқ сүйегі жалпақ адамдарға масс-маркеттен аяқ-киім табу қиындау.
• Таза былғарыдан тігеді. Оған қоса тігісі де сапалы. Желім емес, жіппен тығыздап тігіп береді.
• Бір жері бүліне қалса, етікшіге апарып «жөндетіп» аласыз.
• Ол аяқ-киім тек сізде болады. Себебі сізге ғана арнап тігілген. Өзіңіз түсін, стилін таңдайсыз.
Кемшіліктеріне келсек:
• Бағасы 2-3 есе қымбат болуы мүмкін.
• Ұзағырақ күтуге тура келеді. Екі аптадан бастап, айлап тігілуі ғажап емес.
• Бәрібір жақсылап күтім жасауыңыз керек. Онсыз қолдан тігілген аяқ-киімнің өзі тозып кетеді.
Мықты шебер тігіп берген сапалы аяқ-киімді кемінде 5-10 жыл алаңсыз киюге болады. Бірақ етікшінің сыртқы түрін әдемі келістіретін ғана емес, табан анатомиясын мықты білетін маман болғаны дұрыс. Демек, бірнеше жыл киетін аяқ-киім іздесеңіз, қолдан тіктірген жақсырақ.
Аяқ-киімді қалай және қайда сақтау керек?
Аяқ-киімнің көпке шыдауына оны қай жерде сақтайтыныңыз да әсер етеді. Сондықтан мына кеңестерді назардан шығармаңыз:
• Етіктің қалпын ұстап тұратын аксессуарларды қолданыңыз. Болмаса, ішіне қағаз тығып қойып жүріңіз. Әйтпесе, қонышы құлап қала беріп, қисайып, мыжылып қалады.
• Целлофанға салмаңыз. Ең дұрысы мата дорбаларға салып қойған жөн. Одан ауа кіріп тұрады.
Берер кеңесіміз: қысқы етіктерді көктемде салып тастамас бұрын майлы креммен майлап алыңыз. Ол толық сіңсін. Сосын барып салатын жерге салып қоясыз. Сонда былғарысы құрғап кетпейді.
Тобықтай түйін
Аяқ-киімді аксессуар деп емес, имидж бен денсаулығыңыздың кепілі деп қарастырыңыз. Оны қаншалықты күтіп кисеңіз, соғұрлым денсаулығыңыз да жақсы болады. Иіс шықпайды, аяғыңыз ауырмайды. Күтімге айтарлықтай көп уақыт кетпейді. Бастысы, бірден дұрысын таңдап алсаңыз болғаны.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін әр қыздың гардеробынан табылуы керек киімдерге гайд дайындаған едік.