
Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД елдеріне күш біріктіріп, климаттық және техногендік төтенше жағдайларды болжау жөніндегі Өңірлік орталық құруды ұсынды.
Мемлекет басшысының айтуынша, экологиялық қауіптер, табиғи апаттар мен техногендік катастрофалар тұрақты даму үшін елеулі қатерге айналуда.
«Климаттық және техногендік төтенше жағдайларды болжау жөніндегі Өңірлік орталық құру арқылы күш-жігерімізді біріктіруді ұсынамыз», – деді Президент ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысында.
Сондай-ақ ол Каспий теңізінің тез тартылып бара жатқанын айтып, бұл құбылысты енді тек өңірлік емес, жаһандық мәселе деп атады.
«Сондықтан біздің бастамамызбен әзірленіп жатқан Каспийдің су ресурстарын сақтау бойынша мемлекетаралық бағдарламаға қосылуды ұсынамыз. Мұндай маңызды құжатты дайындауға Каспий теңізінің жағалауындағы елдермен бірге барлық мүдделі мемлекеттер және халықаралық ұйымдар тартылуға тиіс», – деді Президент.
Қазақстанның жаңа басымдықтары
Президент цифрландыру мен жасанды интеллект елдердің бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторларына айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан цифрлық күн тәртібін жедел қарқынмен ілгерілетіп жатыр. Бұл үдеріс мемлекеттік басқаруды, әлеуметтік саланы және азаматтардың күнделікті өмірін толық қамтиды.
Мемлекет басшысы Қазақстанда жасанды интеллектке мамандандырылған университеттің іске қосылғанын және 400 мыңнан астам студентті қамтитын мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асырылып жатқанын еске салды.
ТМД-де төтенше жағдайларды болжау жөнінде бірыңғай орталық құру ұсынылды