
WBO және IBF нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы, қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы америкалық Теренс Кроуфордпен жекпе-жек өтетін уақытты жариялады. Бұл туралы ол Instagram парақшасында жазды.
Қазақстандық спортшы Instagram парақшасында Кроуфордпен кездесу шынайы жоспарға айналып келе жатқанын мәлімдеді.
«Бокс жанкүйерлерін бейжай қалдырмайтын жаңа жекпе-жек күтіп тұрған сияқты — Әлімханұлы мен Кроуфорд! Бұл жекпе-жек жайлы бәрі айтып жүр, егер бәрі сәтті болса, ол келесі жылы өтуі мүмкін. Меніңше, мықтылар мықтылармен кездесуі керек», — деп жазды Жәнібек әлеуметтік желіде.
38 жастағы Теренс Кроуфорд үш түрлі салмақ дәрежесіндегі абсолютті әлем чемпионы (42-0, 31 КО). Ол тарихта әлемнің төрт үлкен белбеуін (WBA, WBC, IBF, WBO) бір салмақта ұстаған санаулы боксшылардың бірі.
Қыркүйек айында АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында Кроуфорд мексикалық Сауль «Канело» Альваресті (63-3-2, 39 KO) жеңіп, одан абсолют чемпион атағын тартып алды. Осы жеңістен кейін америкалық боксшы орта салмаққа ауысуы мүмкін екенін айтты. Бұл дивизионда қазіргі таңда Жәнібек Әлімханұлы WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы болып табылады.
Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы әлі де доминикандық боксшы, WBC белбеуінің иегері Карлос Адамеспен де біріктіруші жекпе-жек өткізуді көздеп отыр.